11 алтын және 26 медаль: Қазақстан Орталық Азия чемпионатында қалай өнер көрсетті

Аружан Талғат··
Фото: qazathletics

Фото: qazathletics

Ташкентте жеңіл атлетикадан Орталық Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы Өзбекстан астанасынан 26 медальмен оралды. Оның 11-і алтын, тоғызы күміс, алтауы қола.

Жарыстың басты қаһармандарының бірі Виктория Ан болды. Қазақстандық спринтер 100 және 200 метр қашықтыққа жүгіруден жеңіске жетіп, екі рет тұғырдың ең биік сатысына көтерілді.

Алтын медальдарды найза лақтырудан Ұлболсын Есіркеп, 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Юлия Башманова және ұзындыққа секіруден Алина Чистякова жеңіп алды. Ядро итеруден Иван Иванов үздік атанса, үш қарғып секіруден Мария Ефремова мен Зелимхан Насыров Қазақстанға алтын әкелді. Михаил Литвин 400 метр қашықтықта қарсыластарына мүмкіндік қалдырмады.

Қазақстан құрамасы тағы бір алтынды әйелдер арасындағы 4×100 метр эстафетадан жеңіп алды. Бұл сында ел намысын Дарья Гридасова, Маргарита Назаренко, Антонина Чернышева және Юлия Башманова қорғады.

800 метр қашықтықта Никита Изотов күміс медаль иеленді. Ерлер арасындағы 4×100 метр эстафетада Алмат Төлебаев, Богдан Чернобай, Даниил Момот және Ромео Петров екінші орынға тұрақтады.

Тағы үш күміс медальді 400 метрге жүгіруден Алан Иванов пен Милана Зубарева, сондай-ақ балға лақтырудан Анастасия Калошина жеңіп алды. Анастасия Рыпакова ұзындыққа секіруден екінші орын алса, Анастасия Колода 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруден күміс жүлдеге ие болды.

Қола медальдарды 110 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Давид Ефремов, 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Ақбілек Құралбай және балға лақтырудан Томирис Ерматова жеңіп алды. Варвара Дмитриева үш қарғып секіруден үшінші орынға ие болды. Антонина Чернышева 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден, ал Екатерина Колода 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруден қола медаль алды.

Осылайша, өз спорт түрлерінде Орталық Азия чемпиондары атанған қазақстандықтар қатарында Ұлболсын Есіркеп, Юлия Башманова, Алина Чистякова, Виктория Ан, Иван Иванов, Мария Ефремова, Михаил Литвин және Зелимхан Насыров бар. Сондай-ақ әйелдер арасындағы эстафеталық Қазақстан құрамасы чемпион атанды. Виктория Ан турнирді екі алтын медальмен аяқтады.

Жалпы командалық есепте Өзбекстан турнир жеңімпазы атанса, Қазақстан екінші орынға ие болды.