16 жастағы қазақстандық баскетболшы Еуролига клубымен келісімшарт жасасты

Фото: БК «Дубай»
Қазақстандық жас баскетболшы Нияз Сейсенбек 16 жасында Біріккен Араб Әмірліктерінің «Дубай» клубымен екі жылдық келісімшартқа қол қойды. Аталған клубтың негізгі командасы Еуролигада өнер көрсетеді.
Бұл туралы спортшының мүддесін қорғайтын Ozon Agency баскетбол агенттігі хабарлады.
Қазақстандық баскетболшы клубтың жастар жүйесіне қосылды. Енді ол халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысу мүмкіндігіне ие болады. «Дубайға» ауысқанға дейін Сейсенбек АҚШ, Испания және Италия клубтарында қаралымнан өткен.
«Дубайдың» U18 командасы халықаралық турнирлерге қатысады. Сондай-ақ 2027 жылдың 26–28 ақпаны аралығында Парижде өтетін adidas NextGen EuroLeague іріктеу жарысына дайындалып жатыр.
Айта кетейік, «Дубай» баскетбол клубы 2023 жылы құрылған. Команда 2024/25 жылғы маусымда Адриатика лигасында өнер көрсете бастады. Кейін Еуролигаға қатысу құқығына ие болып, 2026/27 жылғы маусымда да осы турнирде бақ сынап келеді.
Еуролиганың тұрақты чемпионатында 11 турдан кейін «Дубай» жеті жеңіс және төрт жеңіліспен турнирлік кестенің тоғызыншы орнында тұр.
Соңғы кездесуінде БАӘ клубы Грекияның «Олимпиакос» командасынан 72:101 есебімен жеңілді.