17 жастағы қазақстандық футболшы бельгиялық «Генкпен» келісімшартқа отырды

Фото: ФК «Генк»
Қазақстандық футболшы Шахмурат Дәулетов Бельгияның төрт дүркін чемпионы «Генкпен» алғашқы кәсіби келісімшартына қол қойды.
17 жастағы шабуылшымен жасалған келісім 2029 жылдың жазына дейін есептелген. Қазақстандық футболшы 2024 жылдан бері бельгиялық клубтың жүйесінде өнер көрсетіп келеді. Енді ол елдің екінші деңгейлі дивизионында ойнайтын «Йонг Генк» сапында дамуын жалғастырады.
Келісімшартқа қол қоймас бұрын Дәулетов негізгі команда сапында да алаңға шығуға мүмкіндік алды. 3 қазанда ол Нидерландтың «Фортуна» командасына қарсы жолдастық матчта (1:2) 87-минутта алаңға қосалқы құрамнан шықты.
Айта кетейік, өткен маусымда Дәулетов Бельгия чемпионатында «Генктің» U-18 командасы сапында 23 матч өткізіп, тоғыз гол соқты. Сонымен қатар УЕФА Жастар лигасында дебют жасады.
«Генкке» ауысқанға дейін қазақстандық футболшы «Қайрат», түркиялық «Антальяспор» және бельгиялық «Беерсхот» академияларында жаттыққан.