2026 жылғы ӘЧ-ға жіберілмеген төреші УЕФА Суперкубогының матчын басқарады

Темирлан Мажекенов ··
Фото: ФИФА

Фото: ФИФА

Африканың жетекші төрешілерінің бірі саналатын Артан 12 тамызда өтетін 2026 жылғы УЕФА Суперкубогы аясындағы «Пари Сен-Жермен» мен «Астон Вилла» арасындағы финалдық кездесуге төрелік етеді

Бұған дейін Артанға АҚШ аумағына кіруге рұқсат берілмеген еді. Депортация алдында ол 11 сағатқа созылған иммиграциялық сұхбаттан өткен. Төрешінің 2026 жылғы әлем чемпионатына қатыса алмауы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Алайда Ақ үй өкілі бұл шешімнің қабылдануына «елеулі себептер болғанын» мәлімдеген. Ал Джанни Инфантино дау-дамайға байланысты жанкүйерлерді сабырға шақырған болатын.

Өз кезегінде УЕФА президенті Александер Чеферин Омар Артанның кәсіби деңгейіне жоғары баға берді.

«Омар Артан – жас болса да тәжірибелі төреші. Ол КАФ ұйымдастыратын жарыстарда өзін ең жоғары деңгейде көрсете білді. Футбол адамдарды біріктіру үшін жаратылған. Сондықтан УЕФА Омарға және оның осы мәртебелі тағайындауға лайық болған төрешілік шеберлігіне құрмет білдіргісі келеді», – деді Чеферин.

Сондай-ақ ол Патрис Моцепе көрсеткен қолдау үшін алғысын жеткізді.

Айта кетейік, 2026 жылғы футболдан Әлем чемпионатына 48 құрама қатысады. Командалар төрт құрамадан 12 топқа бөлінеді. Турнир қожайындары – АҚШ, Канада және Мексика автоматты түрде жолдама алған.

Топтық кезең 11-27 маусым аралығында өтеді. Әр топтан үздік екі команда және үшінші орын алған сегіз үздік құрама плей-офф кезеңіне жолдама алады. Жалпы турнир аясында 104 матч ойналып, бұл әлем чемпионаттары тарихындағы рекордтық көрсеткіш болмақ.