2027 жылғы Испания Суперкубогын Стамбул қабылдайды

Фото: Getty Images
2027 жылғы Испания Суперкубогын Стамбул қабылдайды. Турнирді Түркияға ауыстыру туралы шешімді Испания Корольдік футбол федерациясының (RFEF) делегацияланған комиссиясы бекітті.
Соңғы жылдары турнир дәстүрлі түрде Сауд Арабиясында өтіп келген еді. Алайда бұл жолы ұйымдастырушылар жоспарларын өзгертуге мәжбүр болды. 2027 жылдың ақпан айының басында Сауд Арабиясында Азия кубогы өтеді. Оның мерзімі Испания Суперкубогының өткізілу уақытымен сәйкес келеді. Нәтижесінде турнирді өткізу орны ретінде Стамбул таңдалды. Ал Сауд Арабиясына жарыс 2028 жылы қайта оралуы тиіс.
Турнирдің форматы өзгермейді. Төрт команда «Финалдық төрттік» жүйесі бойынша жүлдені сарапқа салады. Оған Ла Лиганың чемпионы мен вице-чемпионы, сондай-ақ Испания кубогының жеңімпазы мен финалисі қатысады.
Жартылай финалда «Реал Сосьедад» мадридтік «Реалмен», ал «Барселона» «Атлетикомен» кездеседі. Осы ойындардың жеңімпаздары финалда трофей үшін таласады.
Барлық матч Ататүрік Олимпиада стадионында өтеді. Бұл арена еуропалық футбол жанкүйерлеріне жақсы таныс. Дәл осы жерде 2005 және 2023 жылдардағы Чемпиондар лигасының финалдары өткен.
RFEF турнирдің өтетін елінің өзгеруі қаржылық моделіне әсер етпеуі тиіс екенін атап өтті. Суперкубоктан түсетін табыс испан футболын, соның ішінде әртүрлі санаттағы клубтарды қолдауға бағытталады.
Турнирдің коммерциялық серіктесі Эр-Риядтағы Season болады. Компания Стамбулдағы Суперкубоктың коммерциялық құқықтары мен жарнамалық бағытына жауап беріп, Испания және Түркия футбол федерацияларымен бірлесіп жұмыс істейді.