Басты бет
·
Футбол

46 жасында футболға оралған Роналдиньо жанкүйерлеріне үндеу жасады

Бекарыс Әлімхан··
Фото: x_@10Ronaldinho

Фото: x_@10Ronaldinho

«Барселона», «Милан» және Бразилия құрамасының бұрынғы шабуылшысы Роналдиньо 46 жасында кәсіби футболға қайта оралып, Италияның «Равенна» клубы сапында алғашқы кездесуін өткізді.

Атақты футболшы Италия С сериясы аясында «Форлиге» қарсы өткен матчқа қатысып, командасының 2:0 есебімен жеңіске жетуіне үлес қосты.

Равенна қаласындағы «Бруно Бенелли» стадионында өткен кездесуде 2005 жылғы «Алтын доп» иегері негізгі құрамда алаңға шығып, 10-нөмірмен бірінші таймды толық өткізді. Үзіліс кезінде бразилиялық футболшы жанкүйерлердің қошеметімен алаңнан кетті.

36-минутта Роналдиньо нәтижелі шабуылға қатысып, Лоренцо Лонардиге пас берді. Ол өз кезегінде есеп ашқан Джулио Донатиге нәтижелі пас асырды. Ал 58-минутта Симоне Рабби екінші голды соқты.

Матчтан кейін Роналдиньо әлеуметтік желіде әсерімен бөлісті.

«Ресми матчқа қайта қатысқаныма өте қуаныштымын. Бірнеше жыл үзіліс жасадым, енді қайта оралатын уақыт келді, ха-ха-ха! Әзілді былай қойғанда, лық толы стадионда командаластарыммен бірге осындай керемет күнді өткізу ерекше әсер сыйлады. Бұл өмірімдегі ұмытылмас сәттердің бірі.

Менің өзімді сынап, өзгелер жасамаған ерекше дүниелерді байқап көргенді ұнататынымды білесіздер. Футбол алаңының иісі, допқа жанасу және адреналин әрдайым ерекше сезім сыйлайды.

Осы арманға сенген достарым Лоренцоға, Иньяцио мен Джузеппе Чиприаниге, сондай-ақ «Равенна» командасына алғыс айтамын. Италияны, тіпті бүкіл әлемді бағындыру үшін жұмысымызды жалғастырамыз! Дұрыс бағытта келе жатқанымызға сенімдімін.

Осы кешті ұмытылмас еткен барлық жанкүйерге, әсіресе мені қолдау үшін алыстан келгендерге рақмет. Жақында кездескенше, отбасым!» – деп жазды Роналдиньо.

Бұл бразилиялық футболшының 2015 жылдың қыркүйегінен бергі алғашқы ресми кездесуі болды. Ол соңғы рет «Флуминенсе» сапында алаңға шыққан еді. Ал 2018 жылы кәсіби мансабын аяқтағанын жариялаған.

Айта кетейік, Роналдиньо жазда «Равеннамен» келісімге келіп, клубтың миноритарлық акционері әрі амбассадоры атанды.

Роналдиньо – 2002 жылғы әлем чемпионы, 2005 жылғы «Алтын доп» иегері. Сондай-ақ «Барселонамен» бірге Чемпиондар лигасын және Испания чемпионатын екі рет жеңіп алған.