А-тобы: Мексика, ОАР, Оңтүстік Корея, Чехия

Айнат Қабидулла··
Фото: Sky Sports

Фото: Sky Sports

SPORTHUB 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына қатысатын құрамаларды таныстыруды жалғастырады. Кезекті шолу А тобына арналды.

Мексика құрамасы

ФИФА рейтингіндегі орны: 15

Әлем чемпионаттарындағы үздік нәтижесі: ширек финал (1970, 1986)

Бас бапкері: Хавьер Агирре

Әлем чемпионаттарында А тобын көбіне турнир қожайындарының бірі бастайды. Бұл жолы дүниежүзілік дода үш мемлекетте өтетіндіктен, алғашқы топқа Мексика құрамасы түсті. Олар турнирдің ашылу матчында Оңтүстік Африка Республикасы құрамасымен кездеседі.

Әлем чемпионаттарын қабылдаған елдердің құрамалары әдетте топтық кезеңнен сүрінбей өтеді. Турнир тарихында тек екі қожайын ел ғана плей-оффқа шыға алмады. Олар – 2010 жылғы Оңтүстік Африка Республикасы мен 2022 жылғы Қатар. Алайда бұл командалар жарыс басталмай тұрып-ақ өз топтарының аутсайдері саналған еді.

Ал Мексикаға қатысты жағдай мүлде бөлек. Бұл – халықаралық аренада өзін әлдеқашан дәлелдеген тәжірибелі әрі табысты ұжым. Африкалықтар КОНКАКАФ Алтын кубогын 13 рет жеңіп алған. Оның үстіне олар осы турнирдің қазіргі чемпионы саналады.

Мексикалықтардың қоржынында 1999 жылғы Конфедерациялар кубогының жеңісі де бар. Ал әлем чемпионаттарында олар екі рет ширек финалға дейін жетті. Қызығы, 1970 және 1986 жылдары өткен сол екі турнир де дәл Мексика жерінде ұйымдастырылған болатын.

Хавьер Агирре жаттықтыратын команданың басты артықшылықтарының бірі – құрамның тұрақтылығы. Ұлттық құраманың басым бөлігі жергілікті чемпионатта өнер көрсетеді. Ал Еуропаның беделді лигаларында ойнайтын футболшылар қатарында Бильбаоның «Атлетик» клубының қақпашысы Алекс Падилья, «Дженоаның» қорғаушысы Хоан Васкес, мадридтік «Атлетиконың» жартылай қорғаушысы Обед Варгас және «Миланның» шабуылшысы Сантьяго Хименес бар. Қазіргі құрамдағы ең басты жұлдыз да осы Хименес деуге негіз жеткілікті.

Бұл топтағы құрамалардың деңгейі бір-біріне жақын болғанымен, Мексиканың плей-оффқа шығуына ештеңе кедергі келтірмеуі тиіс. Өйткені әр топтан екі үздік командамен қатар үшінші орын алған үздік сегіз құрама да келесі кезеңге жолдама алады.

Оңтүстік Африка Республикасы құрамасы

ФИФА рейтингіндегі орны: 60

Әлем чемпионаттарындағы үздік нәтижесі: топтық кезең (1998, 2002, 2010)

Бас бапкері: Уго Бросс (Бельгия)

Оңтүстік Африка Республикасы құрамасы әлемдік футбол сахнасына салыстырмалы түрде кеш шықты. Өйткені 1990 жылға дейін елдегі апартеид саясатына байланысты халықаралық жарыстарға қатысуға тыйым салынған болатын.

Алайда оңтүстік африкалықтар аз уақыт ішінде өздерін мойындата білді. 1996 жылы Африка ұлттары кубогын жеңіп алып, құрлықтағы үздіктердің біріне айналды. Кейінгі екі турнирде де жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бірақ одан кейін құрама ұзақ уақыт көлеңкеде қалып, тек 2023 жылы ғана қайтадан Африка чемпионатының қола жүлдесін иеленді.

Әлем чемпионаттарында әзірге ОАР құрамасының жолы болған жоқ. Команда тарихында бірде-бір рет топтық кезеңнен аса алған емес. Дегенмен 1998 жылғы дебюттік мундиальда олар тек жарыс қожайыны әрі кейін чемпион атанған Франция құрамасына ғана есе жіберді. Ал Дания және Сауд Арабиясымен тең ойнағанымен, бұл нәтиже плей-оффқа шығуға жеткіліксіз болды.

2002 жылғы Жапония мен Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында африкалықтар келесі кезеңге шығуға өте жақын еді. Олар Парагваймен бірдей ұпай жинап, өзара кездесуде тең түсіп, доп айырмашылығы да тең болды. Бірақ оңтүстікамерикалықтар бір гол артық соққанының арқасында плей-оффқа өтті.

ОАР құрамасының ең үлкен мүмкіндігі 2010 жылғы үйдегі әлем чемпионатында болған еді. Алайда олар мундиаль тарихында топтық кезеңнен өте алмаған алғашқы алаң иесі атанды.

Сол турнирде олар Францияны жеңгенімен, Мексикамен бірдей төрт ұпай жинап, доп айырмашылығы бойынша қалып қойды. Содан бері оңтүстікафрикалықтар әлем чемпионатына қайта қатыса алған жоқ.

Енді, араға 16 жыл салып, Уго Бросс баптайтын ұжымның Мексикадан есе қайтаруға мүмкіндігі туып отыр. Бірақ бұл жолы қарсылас өз жерінде ойнайды.

Әрине, құрамда әлемдік деңгейдегі супер жұлдыздардың болмауы олардың мүмкіндігін шектейді. Дегенмен жаңа форматтың арқасында ОАР құрамасының тарихында алғаш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шығуына жақсы мүмкіндік бар.

Қызығы, ОАР бапкері Уго Бросс та, Мексика құрамасының тәлімгері Хавьер Агирре де 1986 жылғы әлем чемпионатына футболшы ретінде қатысқан. Тіпті сол турнирде бір-біріне қарсы ойнаған. Ол кездесуде Агирре өнер көрсеткен Мексика құрамасы Бельгияны 2:1 есебімен жеңген еді.

Оңтүстік Корея құрамасы

ФИФА рейтингіндегі орны: 25

Әлем чемпионаттарындағы үздік нәтижесі: төртінші орын (2002)

Бас бапкері: Хон Мён Бо

ХХ ғасырда Оңтүстік Корея құрамасы әлем чемпионаттарының плей-офф кезеңіне бірде-бір рет шыға алған жоқ. Алайда жаңа ғасырдағы алғашқы мундиальда олар тарихтағы ең үлкен жетістігіне қол жеткізіп, жартылай финалға дейін жетті.

Әрине, 2002 жылғы әлем чемпионаты өз алаңында өткенінің пайдасы тиді. Оның үстіне төрешілердің де кореялықтарға оң қабақ танытқаны жиі айтылады. Бірақ сол кезеңдегі бас бапкер Гус Хиддинктің өте мықты әрі тәртіпті команда қалыптастырғанын жоққа шығару мүмкін емес.

Одан кейін кореялықтар әлем чемпионаттарында аса жарқырай қойған жоқ. Олар тек екі рет – 2010 және 2022 жылдары плей-оффқа шығып, алғашқы айналымнан аса алмады. Бір қызығы, Оңтүстік Корея Азия құрлығында да аса үстемдік жүргізген емес. 1956 және 1960 жылдары Азия кубогын жеңіп алғаннан кейін бұл жетістікті қайталай алмады.

Соған қарамастан корей футболы әлемге көптеген танымал ойыншыларды сыйлады. Олардың қатарында Чха Бом Гын, Хон Мён Бо, Ан Чжун Хван, Пак Чжи Сун және қазіргі жұлдыздар Ким Мин Чжэ мен Сон Хын Мин бар.

Лос-Анджелес клубында өнер көрсетіп жүрген Сон Хын Мин үшін бұл соңғы әлем чемпионаты болуы әбден мүмкін. Себебі турнир барысында оның жасы 34-ке толады. Қазіргі құрамның әлеуетіне қарап, Оңтүстік Кореяның топтан шығатынына күмән аз. Негізгі сұрақ – олардың қаншалықты алысқа бара алатынында.

Чехия құрамасы

ФИФА рейтингіндегі орны: 41

Әлем чемпионаттарындағы үздік нәтижесі: топтық кезең (2006)

Бас бапкері: Мирослав Коубек

Чехия жанкүйерлері әлем чемпионаттарындағы үлкен жеңістерді емес, алдымен өз құрамаларын мундиаль қатысушылары қатарынан көруді аңсап жүр.

Чехословакия тарағаннан кейін Чехия дербес мемлекет ретінде әлем чемпионатына тек бір рет – 2006 жылы Германияда өткен турнирге қатысты. Бірақ ол жарыста команда топтық кезеңнен аса алмады.

Әлем чемпионаттарының іріктеу кезеңдеріндегі сәтсіздіктерге қарамастан, чехтар Еуропа чемпионаттарында тұрақты өнер көрсетіп келеді. Олар құрлық біріншілігінің бірде-бір финалдық кезеңін жіберген емес. Тіпті 1996 жылы күміс, 2004 жылы қола жүлдеге ие болды.

Қазіргі таңда Мирослав Коубек жаттықтыратын ұжымнан үлкен жетістік күту қиын. Чехтар Солтүстік Америкадағы әлем чемпионатына зор қиындықпен жолдама алды.

Іріктеу тобында олар Хорватиядан қалып, екінші орынмен шектелді. Ал плей-офф кезеңінде Ирландия мен Данияны тек пенальти сериясында жеңіп өтті. Әрине, кейде сәттілік көмектесуі мүмкін. Бірақ әлем чемпионаты сияқты деңгейдегі жарыста тек жолдың болуына сену жеткіліксіз.

Чехия жеребенің нәтижесіне риза болуы мүмкін. Өйткені топта әлемдік футболдың айқын алпауыты жоқ. Бірақ дәл осындай ойды олардың қарсыластары да айтып отыр. Сондықтан бұл квартетте плей-офф жолдамасы үшін өте тартысты әрі қызықты бәсеке күтіп тұр. Чехияның басты мақсаты – 2006 жылдан кейін алғаш рет әлем чемпионатында топтық кезеңнен шығып, өз жанкүйерлерін қуантуды көздейді.

А-тобы: Мексика, ОАР, Оңтүстік Корея, Чехия – sport-hub