Басты бет
·
Жекпе-жек түрлері

Абу-Дабидегі төбелестен кейін Усман Нурмагомедовке RAF турниріне қатысуға тыйым салынды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: X

Фото: X

Ресейлік файтер Усман Нурмагомедов 14 қарашада Абу-Дабиде (БАӘ) өтетін Real American Freestyle (RAF) турниріне жіберілмейді. Бұған UFC-дің бұрынғы чемпионы Мераб Двалишвили қатысқан жаппай төбелес себеп болды.

Бұл шешімді 12 қарашада өткен баспасөз мәслихатында RAF промоушенінің негізін қалаушылардың бірі Чад Бронштейн мәлімдеді. Ұйым басшылығы болған оқиғаны айыптап, жағдайды реттеу үшін БАӘ билігімен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

Оқиға 11 қарашада Абу-Дабидегі қонақүйлердің бірінің кіреберісінде болған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада Усман Нурмагомедов бірнеше адаммен бірге сұхбат беріп тұрған Мераб Двалишвилиге жақындап, соққы жасағаны көрінеді. Осыдан кейін екі тарап арасында жаппай төбелес басталған.

Абу-Даби полициясы оқиғаға байланысты он адамның ұсталғанын хабарлады. Олардың сегізі төбелеске қатысқаны үшін, ал қалған екеуі оқиғаны видеоға түсіргені үшін ұсталған.

Іс материалдары әрі қарай тергеу жүргізу үшін прокуратураға жолданды. Алайда полиция ұсталған азаматтардың кім екенін ресми түрде жариялаған жоқ.

Осы жанжалдан кейін Мераб Двалишвили мен Умар Нурмагомедовтің турнирге қатысуы да белгісіз болып отыр.

Жоспар бойынша Двалишвили бразилиялық Марлон Мораеспен күресуі керек. Ал Умар Нурмагомедов америкалық Юрайя Фэйбермен кездесуге тиіс.

Екі спортшы да турнир алдындағы баспасөз мәслихатына қатыспады. Олардың жарысқа шығатыны немесе шықпайтыны жөнінде әзірге түпкілікті шешім қабылданған жоқ.

RAF басшылығы жергілікті билік өкілдерімен келіссөздерді жалғастырып, Двалишвилидің турнирге қатысатынына үміттеніп отыр.

Ал Усман Нурмагомедовтің турнир өтетін жерге кіргізілмейтіні ресми түрде расталды.

Абу-Дабидегі төбелестен кейін Усман Нурмагомедовке RAF турниріне қатысуға тыйым салынды – sport-hub