Абылайхан Жұбаназар Лозаннадағы дзюдодан Grand Slam турнирінде жеңіске жетті: Қазақстан құрамасының нәтижелері

Фото: olympic.kz
Швейцарияның Лозанна қаласында дзюдодан Grand Slam санатындағы турнир аяқталды. Қазақстан құрамасы жарысты бір медальмен қорытындылады. Команда қоржынына алтын жүлдені Абылайхан Жұбаназар салды.
Қазақстандық дзюдошы 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесіп, турнирдің финалына дейін жетті. Шешуші кездесуде Жұбаназар Өзбекстан өкілі Арслонбек Тожиевпен кездесіп, жеңіске жетті және тұғырдың ең биік сатысына көтерілді.
Қазақстанның қалған өкілдері үшін жарыс айтарлықтай қиын өтті. Медальға ең жақын болғандардың бірі 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Шерзод Давлатов. Ол қола медаль үшін белдесуге дейін жеткенімен, үшінші орын үшін кездесуде өзбекстандық Самариддин Кучқаровқа есе жіберді.
Жұбаныш белдесулерінде де Қазақстан спортшылары жүлдесіз қалды. 66 келіге дейінгі салмақтағы Ақылжан Жұбатканов Оңтүстік Корея өкілі Чанен Кимнен жеңілді. Ал 78 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен Айда Тойшыбекова венесуэлалық Карен Леоннан аса алмады.
Қазақстанның тағы бірқатар дзюдошысы жарысты ертерек кезеңдерде аяқтады. Олардың қатарында Дана Әбдірова (57 келіге дейін), Талғат Орынбасар (60 келіге дейін), Нұрқанат Серікбаев (66 келіге дейін), Ажар Асхат (70 келіге дейін), Бақытжан Абдурахманов пен Ансабек Ғайнуллин (73 келіге дейін), Аруна Жангелдина (78 келіге дейін), Әділет Алмат (81 келіге дейін), Айдар Арапов (90 келіге дейін), Марат Байкамуров (100 келіге дейін) және Ерасыл Қажыбаев (100 келіден жоғары) бар.
Осылайша, Жұбаназардың жеңісі Қазақстанның Лозаннадағы жарысты медальсыз аяқтамауына мүмкіндік берді. Абылайхан ұлттық құраманың тұғырға көтерілген жалғыз өкілі атанды әрі бірден алтын жүлдеге қол жеткізді.