Ағылшын үстемдігі: «Кристал Пэлас» – Конференциялар лигасының жеңімпазы

Владимир Жарков ··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

«Астон Вилладан» кейін енді «Кристал Пэлас» та еурокубок турнирінде топ жарды. Екі финал – АПЛ клубтарының екі жеңісі!

«Кристал Пэлас» (Лондон, Англия) – «Райо Вальекано» (Мадрид, Испания) – 1:0 (0:0)

Гол: Матета, 51

Бас төреші: Маурицио Мариани (Италия)

Қатысушы командалардың деңгейіне қарап бұл еурокубоктар тарихындағы ең «қарапайым» финалдардың бірі болды деуге саяды. Үлкен трофейлерге үйренбеген екі команда да көпшілік үшін күтпеген жерден Конференциялар лигасын жеңіп алу мүмкіндігіне ие болды.

«Кристал Пэлас» пен «Райо Вальекано» футболшыларының көпшілігі үшін мұндай айрықша сәт енді қайталанбауы мүмкін екенін жақсы түсінді. Сондықтан ойын ырғағы да аса сақ, бірақ өте қарқынды өтті.

Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Командалар шабуылға көп күш жұмсамады. Ағылшын клубы допты өзінде көбірек ұстағанмен, испаниялықтар да қарсы шабуылда қауіпті төндіруге тырысты. Алайда алғашқы таймда қауіпті сәттер аса көп болған жоқ. Тіпті үзіліске дейінгі ең есте қалған жағдай алаңда емес, трибунада орын алды. Көрермендердің бірінде денсаулығы сыр беріп, дәрігерлердің көмегі қажет болғандықтан матч бірнеше минутқа тоқтатылды.

Екінші тайм бастала сала көп уақыт өтпестен есеп ашылды. «Кристал Пэлас» жылдам шабуыл ұйымдастырып, Жан-Филипп Матета жақын қашықтықтан мадридтіктер қақпасына дәл соққы жасау арқылы командасын алға шығарды — 1:0.

Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Осыдан кейін «бүркіттер» есепті еселеуге бірнеше мүмкіндік алды. Бірақ мадридтік клубты қақпа бағаны, маңдайшасы және қақпашы құтқарып қалды.

«Райоға» шұғыл түрде ойынды өзгерту қажет болды. Бас бапкер Иньиго Перес шабуылды күшейту үшін ротациялар жасады. Алайда Нобель Менди, Педро Диас, Луис Эспино мен Серхио Камельо секілді тыңнан енген футболшылар ойынға серпін бере алмады.

Ал британдық клуб матч ырғағын шебер тежеп, қарсыласына мүмкіндік бермеді. Сондай-ақ, «Кристал Пэлас» қарымта шабуылда қауіпті комбинацияларын жалғастырып отырды. «Қырандар» үшін ең басты міндет — өз қақпасын голдан аман сақтау болды және олар бұл тапсырманы мінсіз орындады.

Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Нәтижесінде «Кристал Пэлас» талассыз өткен финалда тарихи жеңіске жетіп, 2025/26 жылғы Конференциялар лигасының чемпионы атанды. Ал клубтың бас бапкері Оливер Гласнер клуб шежіресіне өз есімін алтын әріптермен жазды. Аустриялық маман келгенге дейін «Кристал Пэлас» жүз жылдан астам тарихында ірі трофей жеңіп көрмеген еді. Ал Гласнер небәрі бір жылдан астам уақытта клубқа Англия кубогын, Англия Суперкубогын және енді Конференциялар лигасын сыйлады.

Осылайша ағылшын клубтары биыл екі еурокубоктың екеуін де жеңіп алды. Бұған дейін «Астон Вилла» Еуропа лигасының жеңімпазы атанған. Ал алда әлі Чемпиондар лигасының финалы бар, онда франциялық «Пари Сен-Жерменге» қарсы лондондық «Арсенал» ойнайды.

«Райо Вальекано» болса маусымды трофейсіз аяқтады. Жалпы, биыл испаниялық клубтар еурокубоктарда бірде-бір жүлде жеңе алмады.

Ағылшын үстемдігі: «Кристал Пэлас» – Конференциялар лигасының жеңімпазы – sport-hub