«Алашкерт» бапкері Геворгян «Елімайдың» ойынына баға берді

Фото: «Алашкерт» ФК
Арменияның «Алашкерт» клубының бас бапкері Ваһе Геворгян Конференциялар лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі семейлік «Елімайға» қарсы алғашқы матчтың қорытындысын шығарды.
Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. «Елімай» сапындағы голды қорғаушы Арсен Әшірбек соқты.
«Жақсы ойын болды. Матчтың қиын өтетінін білдік. Құрамымызда Конференциялар лигасында алғаш рет ойнап жатқан футболшылар бар екенін түсіндік, сондықтан оларда толқу болуы мүмкін еді. Сол қысымды азайтуға тырыстық. Кейбір сәттерде ойынды бақылауда ұстадық, кейде бастаманы қарсыласқа бердік. Қарсыласымыз – өте жақсы команда. Олар теңгерімді футбол көрсетті», – деді Геворгян Armenpress агенттігіне.
Қарымта матч 16 шілде күні Семейдегі «Спартак» стадионында өтеді. Қос ойынның жеңімпазы Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Румынияның «ЧФР Клуж» клубымен кездеседі.
Қазақстан Премьер-лигасының 16 турынан кейін «Елімай» 26 ұпай жинап, турнир кестесінде төртінші орында келеді.