Александр Овечкин ҰХЛ-да «Вашингтонның» тарихи рекордын қайталады

Фото: Getty Images
«Вашингтон Кэпиталз» капитаны Александр Овечкин Ұлттық хоккей лигасының (ҰХЛ) тұрақты чемпионаттарында 762 нәтижелі пас беріп, клуб тарихындағы рекордты қайталады.
41 жастағы ресейлік шабуылшы бұл көрсеткішке «Оттава Сенаторзға» қарсы сырт алаңдағы кездесуде қол жеткізді. «Канадиен Тайр-центр» аренасында өткен матчта негізгі уақыт тең аяқталып, овертаймда «Вашингтон» 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Жеңіс шайбасын Коул Хатсон соқты. Ал оған нәтижелі пас берген Овечкин клубтың бұрынғы ойыншысы Никлас Бекстрёмнің рекордын қайталады. Швециялық хоккейші 762 нәтижелі пасын 1105 кездесуде тіркеген болатын.
Бұл Овечкиннің қатарынан жеті матч бойы ұпай жинай алмағаннан кейінгі алғашқы нәтижелі әрекеті болды.
Биылғы маусымда ресейлік хоккейші 16 кездесуде бес ұпай жинады. Оның еншісінде бір гол және төрт нәтижелі пас бар.
Жалпы, Овечкин ҰХЛ-дың тұрақты чемпионаттарында 1589 матч өткізіп, 1692 ұпай жинаған. Ол 930 шайба соғып, 762 нәтижелі пас берген.