Александр Шевченко Словакиядағы турнирдің ширек финалына шықты

Фото: ATP
Қазақстандық теннисші Александр Шевченко Словакияның Братислава қаласында өтіп жатқан «Челленджер» санатындағы турнирдің екінші айналымынан сәтті өтті.
Екінші кезеңде қазақстандық спортшы ATP рейтингінде 249-орында тұрған чехиялық Гинек Бартонмен кездесті. Үш сетке созылған тартысты матчта Шевченко 4:6, 6:3, 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Кездесу 2 сағат 1 минутқа созылды. Қазақстандық теннисші матч барысында 2 эйс жасап, 2 рет қос қателік жіберді. Ал оның қарсыласы 3 эйс орындап, 2 қос қателікке жол берді.
Жартылай финал жолдамасы үшін Шевченко чехиялық Максим Мрва мен Тайвань өкілі Цзэн Цзэн арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.
Братиславадағы турнирдің жалпы жүлде қоры 160 680 АҚШ долларын құрайды. Жарыс жеңімпазы ATP рейтингінің 100 ұпайына және 23 750 доллар сыйақыға ие болады.