Басты бет
·
Теннис

Александр Зверев әлемдік рейтингте бірінші орынға көтеріледі

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Германиялық теннисші Александр Зверев ATP рейтингінің көшбасшысы атанатынын қамтамасыз етті.

Жаңартылған рейтинг 2 қарашада жарияланады. Сол кезде 29 жастағы спортшы ресми түрде әлемнің бірінші ракеткасы атанады.

Зверев үшін шешуші нәтиже Венада өтіп жатқан ATP-500 турнирінің екінші айналымында тіркелді. Ол Нидерланд өкілі, әлемдік рейтингте 50-орында тұрған Таллон Грикспорды 6:4, 7:5 есебімен жеңді.

Осы жеңістің арқасында германиялық теннисші ширек финалға жолдама алып, рейтинг көшін иеленуге қажетті ұпай жинады.

Қазіргі уақытта ATP рейтингінде италиялық Янник Синнер көш бастап тұр. Алайда тізе жарақатына байланысты ол 2026 жылғы маусымды мерзімінен бұрын аяқтаған болатын. Бұл жағдай Зверевке басты қарсыласынан озып шығуға мүмкіндік берді.

Айта кетейік, Зверев 2026 жылы мансабында алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінде жеңіске жетіп, «Ролан Гаррос» чемпионы атанды. Арада үш ай өткенде US Open турнирінде де топ жарып, осы санаттағы екінші титулын иеленді.

Елена Рыбакина да жылды рейтинг көшбасшысы ретінде аяқтайды

Бұған дейін қазақстандық теннисші Елена Рыбакина 2026 жылғы маусымды WTA рейтингінің бірінші сатысында аяқтайтынын мерзімінен бұрын қамтамасыз еткен еді.

Оған Токиода өткен WTA-500 турнирінің екінші айналымында отандасы Юлия Путинцеваны жеңуі жеткілікті болды. Осылайша 27 жастағы қазақстандық теннисші жылдың қалған жарыстарының нәтижесіне қарамастан, әйелдер арасындағы әлемдік рейтинг көшін иеленді.