Алексей Луценко 2026 жылғы Азия ойындарынан кейін мансабын аяқтайтынын мәлімдеді

Aibar Rysdaulet··
Фото: ҚР ҰОК

Фото: ҚР ҰОК

Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко Айти мен Нагояда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарынан кейін спорттық мансабын аяқтайтынын мәлімдеді.

Жекелей уақытқа жарысуда жеңіп алған алтын медаль 34 жастағы спортшының құрлықтық ойындардағы бесінші алтыны болды.

Жеңіске жеткеннен кейін Луценко бұл жүлденің өзі үшін ерекше маңызға ие екенін айтып, Азия ойындарынан кейінгі жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ қазақстандық спортшы топтық жарыста да медаль үшін күресуге ниетті екенін атап өтті.

«Қазақстанның атынан Азия ойындарында тұғырдың ең биік сатысына көтерілу мен үшін әрдайым ерекше қуаныш. Бұл менің Азия ойындарындағы бесінші алтыным. Осы жарысқа дайындалып, жеңіске жетуді қатты қаладым. Мені қолдап, дайындық барысында көмектескен барша жанға ерекше алғыс айтқым келеді.

Біздің өнер көрсетуіміз әлі аяқталған жоқ. Үш күннен кейін топтық жарыс өтеді. Қазақстанның командасы жақсы, сондықтан жүлделі орын үшін күресіп, барынша жоғары нәтиже көрсетуге тырысамыз. Оның үстіне, бұл менің соңғы Азия ойындарым. Жапониядағы ойындардан кейін мансабымды аяқтаймын. Сондықтан бұл жеңістің мен үшін маңызы ерекше», – деді Алексей Луценко ҰОК баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

32,1 шақырымдық жекелей жарыста Луценко 41:24.05 нәтиже көрсетті. Күміс жүлдені жапониялық Шунсукэ Имамура (42:58.04), қола жүлдені моңғолиялық Сайнбаяр Джамбалямц (42:58.06) иеленді.

Бұған дейін Луценко 2014, 2018 және 2023 жылдары Азия ойындарының жекелей жарысында чемпион атанған болатын. Осылайша, ол құрлықтық ойындардың бес дүркін чемпионы атанды. Оған дейін Азия ойындарында бес алтын медальді тек қазақстандық каноэші Константин Негодяев жеңіп алған еді. Ол 1994 және 1998 жылдары бес рет чемпион атанған.

Қазақстан құрамасының 2026 жылғы Азия ойындарындағы қоржынында алты медаль бар. Шосселік велоспорттан Ринат Сұлтанов пен Алексей Луценко, каратэден Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева алтын медаль жеңіп алды. Триатлоннан Арлан Жанабай және қазіргі бессайыстан Қазақстанның ерлер құрамасы қола жүлдегер атанды.

XX жазғы Азия ойындары Айти–Нагояда 4 қазанға дейін жалғасады.