«Әлі ештеңе шешілген жоқ»: «Андерлехт» бапкері «Қайратты» ірі есеппен жеңгеннен кейін пікір білдірді

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

«Андерлехт» бас бапкері Витор Бруну Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі «Қайратқа» қарсы алғашқы матчтың қорытындысын шығарды. Бельгиялық команда Алматыдан 3:0 есебімен ірі жеңіспен қайтқанымен, бапкер текетірес аяқталды деп есептемейді.

Брунудың айтуынша, алғашқы кездесудегі нәтиже қарымта ойын алдындағы команданың көңіл күйіне әсер етпеуі керек. Ол футболда тіпті бірнеше гол басымдығының өзі келесі кезеңге өтудің толық кепілі емес екенін атап өтті.

«Әзірге ештеңе шешілген жоқ. Бұл – футбол, мұнда кез келген жағдай болуы мүмкін. Қарымта кездесуге де алғашқы ойынға дайындалғандай байыппен дайындаламыз. Ойыншылар барынша жоғары деңгейде шоғырлануы керек», – деді Бруну.

Бапкер сондай-ақ «Андерлехттің» Алматыда мұндай сенімді нәтижеге қалай қол жеткізгенін түсіндірді. Оның сөзінше, бельгиялықтар қарсыласты мұқият зерттеп, «Қайраттың» әлсіз тұстарын пайдалануға тырысқан.

«Біз қарсыласымызға үлкен құрметпен қарадық. Ұзақ сапардан кейін дайындалуға уақыт аз болды. Сондықтан «Қайратты» бейнематериалдар арқылы барынша егжей-тегжейлі зерттеуге тырыстық. Команданың мықты және әлсіз тұстарын талдап, соған сәйкес өз ойынымызды құрдық», – деді маман.

«Андерлехт» барлық үш голын үзіліске дейін соқты. Екінші минутта Яакко Оксанен допты өз қақпасына енгізіп алды. Кейін Лукаш Амброс пен Даниил Сикан гол соқты. Ал 38-минутта Александр Широбоков алаңнан қуылып, «Қайрат» ойынды он адаммен жалғастырды.

Қарымта матч 27 тамызда Брюссельде өтеді. Екі ойынның қорытындысы бойынша жеңімпаз Еуропа лигасының негізгі кезеңіне жолдама алады.