Әлімханұлы нокаутпен қорқытқан чемпионға қатты жауап берді

Фото: Getty Images
Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) мен Карлос Адамес (25-1-1, 18 КО) арасындағы сөз тартыс әлеуметтік желіде қайта жалғасты. WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық боксшыға өткір пікір айтып, Әлімханұлы оған жауап берді.
Бәрі Адаместің X желісіндегі жазбасынан басталды. Доминикандық боксшы мансабында бір ғана жекпе-жек таңдау керек болса, Әлімханұлымен кездесуді таңдайтынын айтты. Сонымен қатар WBC чемпионы Жәнібекті «алаяқ» деп атап, оны нокаутпен жеңетінін мәлімдеді.
Әлімханұлы қарсыласының сөзіне жауап беріп, онымен жекпе-жек өткізуге мүмкіндік бұрын болғанын еске салды.
«Қазір айтып отырған сөзің күлкілі естіледі. Менімен жұдырықтасуға мүмкіндігің болды, бірақ сол кезде одан бас тарттың. Енді саған қайтадан назар керек болып тұр. Мен үшін сен ешкім емессің», — деп жазды Әлімханұлы.
Қазақстандық боксшы Адаместің Құдай туралы айтқанына да ирониямен жауап беріп, оның қазіргі шақыруын байыпты қабылдамайтынын аңғартты.
Бұл боксшылардың алғашқы сөз қағысуы емес. Қыркүйекте Адамес Жәнібекті жекпе-жекке ашық түрде шақырған. Сол кезде Әлімханұлы бұл жағдайдың өзін күлдіргенін айтқан. Қазақстандықтың сөзінше, ол бұған дейін жекпе-жек өткізуді өзі ұсынғанда, қарсыласы кездесуден жалтарған, кейін қайтадан жекпе-жек туралы айта бастаған.
Дегенмен жақын уақытта боксшылардың рингте кездесуі екіталай. Әлімханұлы екінші орта салмаққа көтеріліп, 72,6 келіге дейінгі салмақтағы WBO белбеуінен бас тартты. Қазір ол 76,2 келіге дейінгі салмақтағы бос тұрған WBO титулын көздеп отыр. Бұл жекпе-жекте оның қарсыласы жеңіліп көрмеген датиялық Якоб Банк болуы тиіс.
Ал Адаместің өз міндетті жекпе-жегі бар. WBC ұйымы оған чемпиондық белбеуін тағы бір қазақстандық Мейірім Нұрсұлтановтан (20-0, 11 КО) қорғауды міндеттеді. Командаларға жекпе-жек шарттарын келісу үшін 20 қазанға дейін уақыт берілді. Егер келісімге келе алмаса, ұйым промоутерлік сауда өткізеді.
Осылайша, Адамес пен Әлімханұлы арасындағы сөз тартыс жалғасып жатқанымен, олардың рингтегі кездесуі әзірге болашақтың еншісінде. Қазір қос боксшы әртүрлі салмақта өнер көрсетіп, өз чемпиондық жоспарларымен жүр.