Алмабаев пен Назрулоев чемпиондық жекпе-жек алдында көз арбасу рәсіміне қатысты

Фото: Getty Images
Қазақстандық спортшы Асу Алмабаев Тәжікстан өкілі Халим Назрулоевпен өтетін титулдық жекпе-жек алдында дәстүрлі көз арбасу рәсіміне қатысты.
Қарсыластар 30 тамызда Ыстамбұлда өтетін ACB JJ 22 турнирі аясында кездеседі. Бұл жекпе-жекте 60 келіге дейінгі салмақтағы чемпиондық атақ сарапқа салынады. Жекпе-жек кимоносыз күресуді қарастыратын No-Gi ережесі бойынша өтеді.
Алмабаев үшін бұл кездесу жақында өткен RAF 12 еркін күрес турнирінен кейінгі кезекті сынақ болмақ. Өткен аптада қазақстандық балуан америкалық Джонни ДиДжулиусқа қарсы кілемге шыққанымен, белдесу басталғаннан кейін небәрі бір жарым минутта қарсыласына есе жіберді.
Ал Назрулоев Алмабаевпен кездесуге кәсіпқой мансабында жеңіліссіз жетіп отыр. Оның еншісінде 13 жекпе-жекте 13 жеңіс бар.
Алмабаевтың қазіргі рекорды – 24 жеңіс және үш жеңіліс.