Алматыда 45 мың көрерменге арналған жаңа стадион таныстырылды

Фото: almatydc.kz
Алматы қаласын дамыту орталығы қалада салу жоспарланып отырған жаңа футбол стадионының визуализациясын таныстырды. Жоба 45 мың көрерменге есептелген және УЕФА-ның төртінші санаты талаптарына сай болуы тиіс.
Жарияланған видеода болашақ аренаның болжамды келбеті көрсетілді. Жоба авторлары стадионды халықаралық деңгейдегі матчтарды өткізуге лайықтап салу жоспарланып отырғанын атап өтті.
«Бүгін – құрылыс алаңы, ертең – 45 мың жанкүйерге арналған футбол стадионы. Арена УЕФА-ның төртінші санаты талаптарына сай салынып, халықаралық матчтарды қабылдай алады», – делінген видео сипаттамасында.
Алматыда жаңа заманауи стадион салу жоспары туралы алғаш рет 2025 жылдың тамызында белгілі болған. Ол кезде халықаралық деңгейдегі спорт нысанын құру жоспары айтылған еді.
Кейін желтоқсан айында аренаның 35 мың орынға есептелетіні туралы ақпарат тарады. Сол уақытта болашақ стадионның макет нұсқаларының бірі де таныстырылған.
Алайда кейін жоба қайта қаралды. Алматы әкімдігінің соңғы мәліметіне сәйкес, стадионның сыйымдылығы бірден 10 мың орынға ұлғайтылып, енді арена 45 мыңға дейін көрермен қабылдайтын болады.
Жаңа стадион Қазақстандағы ең ірі футбол нысандарының біріне айналады. Жоспарланған параметрлері толық жүзеге асқан жағдайда, арена халықаралық деңгейдегі маңызды матчтарды өткізе алады.