Америкалық боксшы Головкиннің мансабындағы рөлін атап өтті

Фото: x_@dantheboxingman
Үш салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған Дэвид Бенавидес қазақстандық Геннадий Головкинмен бірге өткізген спаррингтердің мансабына қалай әсер еткенін айтып берді.
Америкалық боксшы 15-19 жас аралығында Головкиннің негізгі спарринг-серіктерінің бірі болған. Олар соңғы рет 2017 жылы қазақстандық боксшының Дэниел Джейкобсқа қарсы жекпе-жегінің алдында бірге жаттыққан.
«Мен әуесқойлар арасында бар болғаны 15 жекпе-жек өткіздім. Негізінде менің әуесқой бокстағы мансабым әлем чемпиондарымен өткізген спаррингтерім болды. Қазір қандай боксшы болсам, соған жетуіме ықпал еткен Геннадий Головкинге лайықты құрметтің бәрін көрсетемін. Біздің спаррингтеріміз нағыз жекпе-жек сияқты өтетін. Ол мені үнемі жаңа деңгейге көтерілуге мәжбүрлейтін. Сондықтан мен қорғанудың және соққылардан жалтарудың түрлі тәсілдерін іздеуге тура келді, ол бар күшімен соққы жасайтын.
Оның арқасында көп нәрсе үйреніп, боксшы ретіндегі ойлау қабілетімді арттырдым. Онымен бірге рингте болудың өзі маған көп нәрсе берді. Головкиннің алдында басымды иемін. Ол рингте де, одан тыс жерде де керемет адам әрі ұлы чемпион. Мен оған көп нәрсе қарыздармын. Бүгінде қандай боксшы болсам, соған біздің спаррингтеріміздің арқасында жеттім», - деді Бенавидес The Ring басылымына берген сұхбатында.
Еске салайық, Бенавидес соңғы жекпе-жегін 2026 жылдың мамырында өткізді. Америкалық боксшы Гильберто Рамиресті алтыншы раундта нокаутқа жіберіп, бірінші ауыр салмақтағы WBA және WBO титулдарын жеңіп алды.
Осы жеңістің арқасында Бенавидес екінші орта, жартылай ауыр және бірінші ауыр салмақ дәрежелерінде әлем чемпионы атанған алғашқы боксшы болды.