Анчелотти Неймардың дайындығы жайында айтты

Бегасыл Амирбай ··
Фото: CBF

Фото: CBF

Карло Анчелотти Бразилия құрамасының бас бапкері Неймардың 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі үшінші турда Шотландияға қарсы матчқа дайындығы туралы айтты.

34 жастағы шабуылшы балтыр бұлшықетінің жарақатына байланысты Марокко және Гаити құрамаларына қарсы ойындарды өткізіп алған еді. Алайда осы аптада ол толыққанды жаттығуларға қайта оралды.

Анчелоттидің айтуынша, Неймар қазір ойынға толық дайын: 

Ол осы аптада өте жақсы жаттықты, бабында және ойнауға дайын. Бір тайм да, толық 90 минут та өткізе алады. Ол жоғары деңгейлі футболшы, оның оралғанына қуаныштымыз.

Сонымен қатар бапкер Неймардың команда үшін маңызын атап өтті: 

Оның көңіл күйі жақсы, командаға үлкен тәжірибе мен білім әкеледі. Ол керемет ойыншы әрі сенімді әріптес.

Екі турдан кейін Бразилия мен Марокко құрамаларының қоржынында 4 ұпайдан бар, ал Шотландия 3 ұпаймен үшінші орында. Гаити соңғы орында келеді.

Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексика елдерінде өтіп жатыр және 19 шілдеде аяқталады.