Андрей Карпович: «Еурокубоктарды Семейге қайтару керек»

Бегасыл Амирбай ··
«Елімай» ФК

«Елімай» ФК

«Елімай» клубының бас бапкері Андрей Карпович команданың УЕФА Конференциялар лигасы жарысынан шығып қалуын «Алашкерттен» (2:2, пенальтиде 5:6) жеңілгеннен кейін түсіндірді.

Маман клуб келесі маусымда еурокубок ойындарын Семейге қайтаруды мақсат етіп отырғанын айтты.

«Мұндай матчтардан кейін сөз табу, әрине, қиын. Өкінішке қарай, жанкүйерлерімізді қуанта алмадық, сол үшін олардан кешірім сұраймыз. Осы бір триллерде біз төтеп бере алмадық. Біздің команда үшін мұндай ойынды өз алаңымызда өткізу – үлкен тәжірибе. Стадионда болған атмосфера мен қолдау үшін жанкүйерлерге үлкен рақмет. Шынында да, бұл өте құнды.

Сондай-ақ осы матчты ұйымдастыруға атсалысқан барлық жандарға алғыс айтқым келеді. Стадионды сертификаттаудан өткізу – үлкен еңбек, соның арқасында жанкүйерлер еурокубок ойынын өз алаңында көре алды. Бұл үшін бәріне үлкен алғыс. Біз үшін бүгін нағыз мереке болды, бірақ, өкінішке қарай, соңы көңілсіз аяқталды.

Ойын туралы айту қиын, себебі жеңіске өте аз қалғандай еді, бірақ футбол жазалайды. Біз өте өкінішті гол жіберіп алдық, оны әлі ұзақ еске алатын шығармыз. Кейін пенальти болды. Мен жігіттерге мұндай сәттерде дәлдік қажет екенін айттым, бірақ бүгін олай болмады. Біз кінәлі іздемейміз, бәріміз кінәліміз. Бас бапкер ретінде жауапкершілікті толық өз мойныма аламын және кез келген шешімге дайынмын. Қазір қолды бір сілтеп, біреуді айыптау оңай, бірақ бұл біздің жол емес.

Жағдайдың қиын екенін түсінеміз. Қосымша уақыт пен пенальти сериясын қоса алғанда, өте ауыр матч өткіздік, көп күш пен эмоция жұмсадық. Енді басымызды көтеріп, чемпионатта барымызды салуымыз керек. Алда әлі толық бір айналым бар. Иә, оңай болмайды, өйткені екі күннен кейін, 19-ы күні, бізді Шымкентте Ордабасы командасына қарсы ойын күтіп тұр. Бұл да чемпионаттағы көшбасшы командалардың бірі. Бірақ біздің міндет жиналып, осы қиын кезеңнен өту.

Ендігі мақсат өте қарапайым келесі жылы еурокубоктарға қайта оралу. Қалай естілсе де, бүгінгі матч біз үшін осы маусымдағы еурокубок кезеңін аяқтады. Бірақ дәл бүгіннен бастап «Елімай» үшін еурокубоктарға қатысу бір реттік емес, тұрақты дәстүрге айналуы үшін жұмыс басталады. Команда келесі маусымда еурокубоктарға қайта оралу үшін бар күшін салуы керек. Барлығы өте қарапайым», – деді Карпович матчтан кейін журналистерге.

17 турдан кейін Қазақстан Премьер-лигасында «Елімай» 26 ұпаймен турнир кестесінде бесінші орында тұр.