АҚШ-қа кіре алмаған төрешінің неге әлем чемпионатында қызмет ете алмайтыны белгілі болды

Темирлан Мажекенов ··
Фото: ФИФА

Фото: ФИФА

Сомалиден шыққан төреші Омар Абдулқадир Артанның 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында жұмыс істеуі екіталай. RMC Sport басылымының хабарлауынша, бұған дейін АҚШ-тың иммиграциялық қызметі оған Майами қаласына кіруге рұқсат бермеген. Кейін Британдық Колумбия провинциясының премьер-министрі Дэвид Эби төрешіні Ванкуверде өтетін матчтарда қызмет етуге шақырған. Алайда бұл ұсыныс оның турнирге қатысуына мүмкіндік бермейді.

Мәселе мынада: әлем чемпионатында жұмыс істейтін барлық төреші Майами қаласында орналасады. Турнир барысында олар физикалық дайындықтарын сақтау және төрелік сапасын біріздендіру мақсатында матчтарды талдау жиындарына қатысу үшін Майамиге тұрақты түрде оралып отыруы тиіс.

Сондықтан АҚШ аумағына кіре алмайтын Артанның әлем чемпионатындағы қызметі іс жүзінде мүмкін болмай тұр.

Айта кетейік, Омар Абдулқадир Артан әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шақырылған алғашқы сомалилік төреші атанған еді. Сондай-ақ 2025 жылы Африка футбол конфедерациясы оны құрлықтың үздік төрешісі деп таныған.