«Ақтөбе» қонақта «Оқжетпеске» қарсы жеңісті уыстан шығарып алды

Темирлан Мажекенов ··
Фото: «Ақтөбе» ФК ресми сайты

Фото: «Ақтөбе» ФК ресми сайты

Қазақстан чемпионатының 12-туры аясында көкшетаулық «Оқжетпес» өз алаңында «Ақтөбемен» тең түсті.

Кездесу 2:2 есебімен аяқталды.

Алаң иелері 32-минутта ойын есебін ашты. Өзбекстандық шабуылшы Бектемир Абдуманнонов мергендігімен көзге түсті. Алайда қонақтар араға небәрі үш минут салып есепті теңестірді. Гол авторы — Виталий Латурнус.

Екінші таймда Георгий Жуковтың пасынан кейін Латурнус дубль авторы атанып, «Ақтөбені» алға шығарды. Ал матч соңындағы қосымша уақытта «Оқжетпес» тең есеп тіркеді. Қорғаушы Борис Лотоцкий қапталдан әуелеген допты Александр Заруцкийдің қақпасында тулатты.

Осы матчтан кейін «Ақтөбе» 16 ұпаймен турнирлік кестеде жетінші орында тұр. Ал 12 ойыннан кейін 23 ұпай жинаған «Оқжетпес» үшінші сатыдағы орнын сақтап қалды.

Келесі турда көкшетаулық клуб сырт алаңда талдықорғандық «Жетісумен» кездеседі. Ал «Ақтөбе» өз алаңында өскемендік «Алтайды» қабылдайды.