Арина Соболенко Бейжіңдегі турнирден шығып қалды

Фото: IJF
WTA рейтингінде екінші орында тұрған белорусьтік теннисші Арина Соболенко Бейжіңде өтіп жатқан WTA 1000 турниріндегі жарысын күтпеген жерден аяқтады.
Үшінші айналымда ол чехиялық Никола Бартунковадан 4:6, 3:6 есебімен жеңілді.
Кездесу 1 сағат 35 минутқа созылды. Бартункова үшін бұл әлемдік рейтингтің үздік үштігіне кіретін теннисшіге қарсы мансабындағы алғашқы жеңісі болды. Бұған қоса, чехиялық теннисші 2026 жылы Аустралия ашық чемпионатында топ-10 өкілі Белинда Бенчичті де жеңген.
Соболенко Бейжіңдегі турнирде US Open финалынан кейін алғаш рет кортқа шықты. Жарыстың алғашқы кезеңінде ол мексикалық Рената Сарасуаны 62 минутта 6:1, 6:3 есебімен сенімді жеңген еді. Алайда үшінші айналымнан аса алмады.
Бартункова үшін 1/8 финалға шығу – маусымдағы кезекті маңызды жетістік. Маусым айында Берлинде өткен турнирде ол Соболенконы жеңуге жақын болған. Чехиялық теннисші сол кездесуде 6:2, 4:0 есебімен алда тұрғанымен, белорусьтік спортшы камбэк жасап, үш сетте жеңіске жеткен. Бұл жолы Бартункова екі сетте де басымдық танытып, жеңісті уысынан шығармады.
Бейжіңдегі турнирдің келесі кезеңінде Бартункова австриялық Синья Крауспен кездеседі. China Open – биылғы маусымдағы 96 теннисші қатысатын сеткасы бар соңғы WTA 1000 турнирі. Жарыс жеңімпазы 1000 рейтинг ұпайына ие болады.