Арина Соболенко Рыбакинаның WTA қорытынды турнирінен бас тартуына қатысты пікір білдірді

Фото: Getty Images
Беларусь теннисшісі Арина Соболенко қазақстандық Елена Рыбакинаның WTA қорытынды турниріне қатыспау туралы шешіміне қатысты ойын айтты.
First&Red басылымына берген сұхбатында Соболенко бұл жаңалықтың бастапқыда өзін таңғалдырғанын, алайда Рыбакинаның биылғы маусымдағы жүктемесін ескерсек, оның шешімін түсінуге болатынын жеткізді.
«Шынымды айтсам, бұл жаңалық мені таңғалдырды. Бірақ Еленаның осы маусымда қандай қиындықтардан өткенін ескерсек, оны түсінуге болады. Ол көптеген ауыр матчтар өткізіп, ұзаққа созылған турнирлерге қатысты. Оның үстіне Азияда да көп ойнады.
Бастапқыда шешіміне қатты таңғалдым. Кейін мұнда таңғалатын ештеңе жоқ екенін түсіндім. Ол керемет маусым өткізді және әлемдік рейтингте бірінші орынды қамтамасыз етті. Менің ойымша, қазір оған ең маңыздысы – денсаулығын қалпына келтіріп, жақсылап демалу және келесі маусымға дайындалу», – деді Соболенко.
Еске салайық, Елена Рыбакина АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан WTA-2026 қорытынды турнирінен денсаулығына байланысты бас тартты. Ұйымдастырушылар қазақстандық теннисшінің вирустық инфекция жұқтырғанын хабарлады.
Әлемнің бірінші ракеткасының орнына жарысқа қосалқы қатысушы ретінде келген украиналық Марта Костюк қосылды.
Костюк бір топта америкалық Коко Гауфф, Джессика Пегула және чехиялық Линда Носковамен өнер көрсетеді.
Украиналық теннисші алғашқы кездесуінде Носковадан 2:6, 4:6 есебімен жеңіліп қалды.
Айта кетейік, Елена Рыбакина 2026 жылғы маусымды төрт чемпиондық атақпен аяқтады. Олардың қатарында Australian Open және US Open турнирлеріндегі жеңістері бар.
Сәтті маусымның нәтижесінде қазақстандық теннисші әлемдік рейтингтің көш басына шықты.