Армат Арманұлы Ақтөбеде WBA Asia чемпионы атағына таласады

Фото: Getty Images
Қазақстандық боксшы Армат Арманұлы 31 қазанда Ақтөбеде өтетін кәсіпқой бокс кешінің басты жекпе-жегіне қатысады.
Оның қарсыласы Уганда өкілі Шадири Муса Бвоги болады. Орта салмақтағы WBA Asia чемпионы атағы сарапқа салынады. Жекпе-жек 10 раундқа жоспарланған.
Армат Арманұлы кәсіпқой бокста жеті рет жеңіске жетіп, бір рет жеңілген. Қазақстандық боксшы бес қарсыласын нокаутпен жеңген.
Еске салайық, ол соңғы жекпе-жегін шілде айында өткізіп, ресейлік Харон Запольскийді бесінші раундта нокаутқа түсірген еді.
Ал Шадири Муса Бвоги кәсіпқой рингте өткізген 12 жекпе-жегінің 11-інде жеңіске жеткен. Оның бес кездесуі мерзімінен бұрын аяқталған.