«Арсенал» «Бавариямен» матчта тең есепке қол жеткізді

Лондондық «Арсенал» Чемпиондар лигасының биылғы маусымындағы алғашқы жеңілісіне ұшыраудан аман қалды. Жалпы кезеңнің үшінші турында мюнхендік «Бавариямен» 2:2 есебімен тең түсті. «Альянц Аренада» өткен кездесуде ағылшындық клуб матч соңында есепті теңестірді.
Қонақтар 25-минутта есеп ашты. Мартин Эдегордың пасынан кейін Эберечи Эзе Мануэль Нойер қорғаған қақпаға дәл соққы бағыттады. Алайда лондондықтардың басымдығы ұзаққа созылмады. Арада он минут өткенде Гарри Кейннің пасын пайдаланған Альфонсо Дэвис таразы басын теңестірді.
Екінші таймда «Бавария» алға шықты. 61-минутта «Арсенал» қорғаушысы Юрриен Тимбердің қолмен ойнағанына байланысты төреші пенальти белгіледі. Он бір метрлік нүктеге келген Гарри Кейн мүмкіндігін мүлт жібермей, алаң иелерін алға шығарды.
Мюнхендік клуб жеңіске жақын болғанымен, матчтың соңғы сөзі ағылшындық командада қалды. 82-минутта Виктор Дьёкерештің қатысуымен өрбіген шабуылды Деклан Райс голмен аяқтап, есепті 2:2-ге жеткізді.
УЕФА Чемпиондар лигасы. Жалпы кезең. 3-тур
«Бавария» – «Арсенал» – 2:2
Голдар: Альфонсо Дэвис (35), Гарри Кейн (61, пенальтиден) – Эберечи Эзе (25), Деклан Райс (82).