«Арсенал» Чемпиондар лигасында «Боруссиядан» басым түсе алмады

Фото: ФК «Боруссия» Дортмунд
Лондондық «Арсенал» УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі бесінші турда Дортмундтың «Боруссия» клубымен 1:1 есебімен тең түсті.
Лондон (Англия). УЕФА Чемпиондар лигасы. Жалпы кезең. 5-тур.
«Арсенал» – «Боруссия» (Дортмунд) – 1:1
Голдар: Дьёкереш (10) – Байер (55).
Алаң иелері кездесудің оныншы минутында есеп ашты. Виктор Дьёкереш Нони Мадуэкенің пасынан кейін айып алаңының сыртынан дәл соққы жасап, допты Грегор Кобель қорғаған қақпаға бағыттады.
Бірінші таймның қалған бөлігінде «Арсенал» бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, басымдығын арттыра алмады.
Екінші таймда «Боруссия» таразы басын теңестірді. 55-минутта Максимилиан Байер Жоан Гадудың пасын тиімді пайдаланып, лондондықтардың қақпашысы Кепа Аррисабалаганы қапы қалдырды.
67-минутта Джоб Беллингем «Арсенал» қақпасына доп енгізді. Алайда төреші ойыннан тыс қалу жағдайын тіркеп, голды есепке алмады.
Кездесудің соңғы минуттарында лондондықтар жеңісті жұлып алуға бірнеше мүмкіндік алды. Дегенмен Виктор Дьёкереш қауіпті сәтті пайдалана алмады, ал Деклан Райстың соққысынан кейін доп қақпа бағанасына тиді.
Осылайша матч 1:1 есебімен аяқталды.
Бес турдың қорытындысы бойынша «Арсенал» 11 ұпай жинап, Чемпиондар лигасының жалпы турнирлік кестесінде бесінші орынға жайғасты. Ал он ұпайы бар «Боруссия» жетінші сатыда орналасқан.
Алтыншы турда «Арсенал» өз алаңында мадридтік «Реалды» қабылдайды. Ал дортмундтық «Боруссия» Миланның «Интер» клубымен кездеседі.