«Арсенал» Винисиус трансфері жүзеге аспаған соң «Барселона» жұлдызына назар аударды

Фото: Getty Images
Винисиус Жуниор мадридтік «Реалмен» келісімшартын ұзартқаннан кейін, «Арсенал» трансферлік жоспарларын өзгертіп, «Барселона» шабуылшысы Ферран Торреске назар аударды.
«Канонирлердің» бас бапкері Микель Артета 26 жастағы испаниялықты «Манчестер Сити» клубындағы бірлескен жұмысы арқылы жақсы таниды және оны команданы күшейте алатын футболшы ретінде әлі де жоғары бағалайды. Айта кетейік, Торрестің «Барселонамен» қазіргі келісімшарты 2027 жылдың жазына дейін жарамды, алайда оны ұзарту бойынша келіссөздер әлі басталмаған.
Футболшының өзі де каталониялық клубтан нақты қадам күтетінін жеткізді.
«Мен тек 12 тамызда «Барселонаның» жаттығуларына қайта қосылуым керек екенін білемін. Қалғанын уақыт көрсетеді. Егер клуб менің қалғанымды қаласа, оны іс жүзінде көрсетіп, келіссөздерді бастауы тиіс», – деді Торрес.
TEAMtalk мәліметінше, «Барселона» ойыншыны шамамен 35 миллион еуроға сатуға дайын. «Арсеналдан» бөлек, испаниялық шабуылшыға ПСЖ мен «Тоттенхэм» де қызығушылық танытып отыр.