Басты бет
·
MMA/UFC

Артем Резников пен Заур Гаджиевтің даулы жекпе-жегінің реваншы өтетін күн белгілі болды

Дина Хамзина··
artem.rez

artem.rez

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Артем Резников әзірбайжандық Заур Гаджиевпен қайта кездеседі. Absolute Championship Akhmat (ACA) ұйымы екі спортшы арасындағы қарымта айқастың өтетін күнін ресми түрде жариялады.

Резников пен Гаджиевтің екінші жекпе-жегі 25 желтоқсанда Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтетін ACA 211 турнирі аясында ұйымдастырылады.

Еске салайық, қос спортшы алғаш рет 2026 жылдың шілде айында Алматыда өткен ACA 205 турнирінде кездескен болатын.

Сол кезде жекпе-жек толық раундқа созылғанымен, жеңімпаз анықталмады. Төрешілердің бөлек шешімімен кездесу тең аяқталды.

Алайда айқастан кейін екі спортшының арасындағы қарым-қатынас шиеленісе түсті. Резников пен Гаджиев әлеуметтік желілерде бірнеше рет бір-біріне өткір пікір айтып, сөзге келді.

Олардың арасындағы текетірес ACA басшылығының да назарын аударды.

Осылайша 25 желтоқсанда Санкт-Петербургте өтетін қарымта жекпе-жекте қос спортшы Алматыдағы кездесуден кейін шешілмей қалған дауға нүкте қоюға мүмкіндік алады.