Артур Чимаев UFC 328 турнирі алдындағы Хамзаттың салмақ қуу процесі жайлы айтты

Хамзат Чимаев
UFC ұйымының орта салмақтағы (84 келіге дейінгі) экс-чемпионы Хамзат Чимаевтың ағасы Артур Чимаев UFC 328 турнирінің алдындағы салмақ қуу кезінде бауырының қиындықтарға тап болғанын айтты.
Еске салайық, Ньюарк қаласында (АҚШ) өткен UFC 328 турнирінде Чимаев өзінің чемпиондық титулын алғашқы рет қорғау үшін америкалық Шон Стриклендке қарсы жекпе-жекке шықты. Айқас қорытындысы бойынша төрешілердің екіұдай шешімімен Шон Стрикленд аталған дивизионда екінші рет чемпион атағына қол жеткізді.
«Менің білуімше, ешқандай жарақат болған жоқ. Мәселе салмақ қуу кезінде туындады: жекпе-жектен бас тартамыз немесе нар тәуекел етеміз деген мәселе көтерілді. Соңғы 1,2 келі қалғанда бауырымның ағзасы сыр берді. Хамзат таразыға шыққан сәтте оның хәлін бет жүзінен-ақ байқауға болар еді.
Біз салмақ қуу процессін бірер сағатқа тоқтаттық, себебі оның денсаулық жағдайы мүшкілденіп кетті, әйтсе де кейін біз істі соңына дейін жеткіздік. Хамзаттың өзі де мұндай күйде қалай төбелесетінін білмеймін деді. Тиісінше екінші раундта ағзаның толық қалыпқа келмегені анық байқалды», — деді Артур Чимаев Sports.ru басылымына берген сұхбатында.
Айта кетейік, сенбі күні Хамзат Чимаев UFC ұйымының орта салмақтағы чемпиондық белбеуін қорғай алмай, Шон Стриклендке төрешілердің шешімімен есе жіберді.
Бұл — Шешенстан тумасы Чимаевтың MMA мансабындағы алғашқы жеңілісі болып тіркелді. Бұған дейін ол 15 жекпе-жектің бәрінде жеңіске жеткен еді.
Турнирден кейін UFC президенті Дана Уайт - Хамзат Чимаевтың жартылай ауыр салмақ дәрежесіне ауысуы мүмкін екенін мәлімдеді.