Арыстанбекова Астанада қатарынан екінші рет W15 турнирінде чемпион атанды

Фото: КТФ
Астанадағы «Beeline Arena» Ұлттық теннис орталығында дәстүрлі Президент кубогы аясында өткен халықаралық жарыстар аяқталды.
World Tennis Tour W15 турнирінің әйелдер арасындағы жекелей сында Қазақстан өкілі Асылжан Арыстанбекова чемпион атанды. Финалда ол Жапония теннисшісі Харуна Аракавадан басым түсті. Бұл Арыстанбекова үшін Астанадағы W15 санатындағы қатарынан екінші титул болды. Бір апта бұрын қазақстандық теннисші Asu Open халықаралық турнирінің екінші аптасында да чемпион атанған еді.
ATP Challenger 50 турнирінің жұптық сынында Қазақстан намысын Григорий Ломакин Петр Бар-Бирюковпен бірге қорғады. Финалда олар жапониялық Тайсей Ишикава мен Масамити Имамура жұбына қарсы шықты. Шешуші кездесуде жапондықтар жеңіске жетіп, Ломакин мен Бар-Бирюков турнирді финалист ретінде аяқтады. Ал ерлер арасындағы жекелей сында тағы бір жапониялық теннисші Хаято Мацуока чемпион атанды. Финалда ол Тунис өкілі Азиз Догазды 0:6, 6:1, 7:6 (7:5) есебімен жеңді.
Осылайша, Президент кубогы Астанада үш апта бойы өткен халықаралық теннис турнирлерінің сериясын қорытындылады. Қазақстандық спортшылар өз алаңында жақсы нәтижелер көрсетті: Арыстанбекова қатарынан екі W15 титулын жеңіп алса, Ломакин ATP Challenger 50 турнирінің жұптық сынында финалға дейін жетті. Халықаралық жарыстар отандық теннисшілерге тәжірибе жинап, рейтингтік ұпайларға қол жеткізуге және өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсетуге мүмкіндік берді.