Асаубаева Президенттен көмек сұрады

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Norway Chess

Фото: Norway Chess

Шахматтан әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдап, халықаралық жарыстарға дайындықты қаржыландыру мәселесі туралы айтты.

Шахматшының айтуынша, ол беделді Norway Chess Women 2026 турнирінде жеңіске жеткенімен, жарысқа дайындық өз қаражаты мен ата-анасының қаржысы есебінен жүргізілген.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен – халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Бибісара Асаубаева. Қазіргі таңда әлемдік рейтингте бесінші орындамын. Менің алдымда тек Қытай шахматшылары ғана тұр. Мемлекет басшысы ретінде Сізден көмек сұрауға мәжбүрмін.

Жақында әлемдегі ең күшті турнирлердің бірі – Norway Chess-2026 аяқталды. Мен жарыс аяқталуына бір тур қалғанда чемпион атандым. Осы маңызды турнир алдындағы оқу-жаттығу жиындары өзімнің жүлде қаржым мен ата-анамның қаражаты есебінен өтті. Турнирде жұмыс істеген секундандар мен аналитиктердің еңбекақысын әлі күнге дейін төлеген жоқпыз.

Өзіңіздің сөзіңізбен айтқанда, мен еліміздің алтын қорына жатамын. Медальдарым маған үлкен еңбекпен, денсаулық пен төзімнің арқасында келеді. Соған қарамастан, жылдан-жылға Спорт министрлігімен жұмыс істеу қиындап барады.

Шахматтан әлем чемпионатын жеңгені үшін берілетін сыйақы небәрі 2 мың АҚШ долларын құрайды. Ал Олимпиада жүлдегерлеріне 250 мың доллар төленеді.

Қазақстанда менен басқа әйелдер арасында да, ерлер арасында да әлем чемпионы жоқ. 2023 жылы екінші рет әлем чемпионы атанғаннан кейін министрлік желісі бойынша айына бір миллион теңге жалақы алып жүрдім. Алайда 2025 жылы министр Мырзабосынов келгеннен кейін бұл жалақы үш есеге қысқартылды. Қазақстан шахмат федерациясынан ешқашан жалақы алған емеспін.

2025 жылдың соңында блицтен үшінші мәрте әлем чемпионы атандым. Бұл маған әлем чемпионы атағына үміткерлер турниріне қатысу құқығын берді. Бірақ осы жетістіктеріме қарамастан, министрлік тарапынан жалақым көтерілген жоқ.

Қаңтар айында бапкеріммен бірге министрмен кездесіп, федерация бөлген қаржының жеткіліксіз екенін түсіндірдік. Көмек сұрадық. Министр “Sport Qory” қоры арқылы міндетті түрде көмектесетінін айтты. Біз өтінім бердік, алайда қаржының тек бір бөлігі ғана бөлінді. Сол себепті секундандарымыз қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болды. Мен осы маңызды турнирге секунданттарын алып келе алмаған жалғыз шахматшы болдым. Соған қарамастан жарыста екінші орын алдым.

Кейін министрдің нұсқауымен тағы да өтінім тапсырдық. Вице-министр Жараспаев WhatsApp арқылы қордың қамқоршылық кеңесі менің өтінімімді мақұлдағанын жазды. Алайда біраз уақыттан соң қор басшысы Е. Ауғанбаев ешқандай себеп түсіндірместен өтінімді кері қайтарды.

2025 жылғы 30 желтоқсанда Сіздің Жарлығыңызбен маған II дәрежелі «Барыс» ордені берілді. Спорт министрлігінің шақыруымен марапатты алу үшін Астанаға үш рет ұшып бардым. Бірақ әр жолы министрліктің бастамасымен сапар кейінге қалдырылды. Бүгінге дейін орденді алған жоқпын.

Біз сәуір және мамыр айларында Сіздің атыңызға “Е-өтініш” арқылы үш хат жолдадық. Әлі күнге дейін жауап жоқ. Хаттарды министрге де WhatsApp арқылы жібердік. Жауап орнына үнсіздік қана болды.

Алдымызда үлкен жарыстар, оқу-жаттығу жиындары және қыруар жұмыс күтіп тұр. Осындай жағдайда мен не істеуім керек, Құрметті Президент?» – деді Бибісара Асаубаева.

Еске салайық, Norway Chess Women 2026 турнирі 25 мамыр мен 5 маусым аралығында Норвегияның Осло қаласында өтті. Бибісара Асаубаева 16,5 ұпай жинап, жарыстың жеңімпазы атанды. Турнирдің классикалық бөлігінде қазақстандық шахматшы үш партияда жеңіске жетіп, бір рет жеңіліп, алты кездесуді тең нәтижемен аяқтады.