«Астана» футболшылар алдындағы қарызын өтеді

Аружан Талғат··
Фото: fca.astana

Фото: fca.astana

«Астана» футбол клубы соңғы уақытта команданың жұмысына әсер еткен қаржылық мәселелердің реттелгенін мәлімдеді.

Бұған дейін елордалық клубта елеулі қаржылық дағдарыс болған еді. БАҚ пен инсайдерлердің мәліметінше, негізгі құрам ойыншыларына жалақы бойынша шамамен үш айлық қарыз жиналып, берешектің жалпы көлемі 700 миллион теңгеге жуықтаған.

Төлемдердің ұзақ уақытқа созылуына байланысты футболшылар клуб басшылығына ұжымдық хат жолдап, Қазақстан чемпионатының қалған матчтарына бойкот жариялауы мүмкін екенін ескерткен.

Енді клуб қаржылық мәселелердің шешілгенін ресми түрде хабарлады.

««Астана» футбол клубы соңғы уақытта клуб жұмысының тұрақтылығына әсер еткен қаржылық мәселелердің реттелгенін хабарлайды», – делінген клуб мәлімдемесінде.

Осылайша, футболшылардың бойкот жариялау қаупі сейілді. Енді команда маусымның қалған бөлігіне назар аудара алады.

Бұл «Астана» үшін ҚПЛ-дағы жоғары орындар үшін күресіп жатқан тұста аса маңызды. Елордалық клуб маусымның қиын кезеңінен өтіп жатыр. Осы аралықта қаржылық мәселелермен қатар, команда ішіндегі наразылық та көпшілікке жария болған еді.

«Астана» футболшылар алдындағы қарызын өтеді – sport-hub