«Астана» мен «Елімай» маусым соңында алты легионерінен айырылуы мүмкін

Фото: Instagram tomasov_14
Қазақстан Премьер-лигасының (ҚПЛ) 2026 жылғы маусымы аяқталғаннан кейін «Астана» мен «Елімайдың» алты хорватиялық футболшысы клубтан кетуі мүмкін.
Kpl.kz мәліметінше, аталған ойыншылардың барлығының қолданыстағы келісімшарттары 2026 жылдың желтоқсан айында аяқталады. Әзірге келісімшарттарды ұзарту туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Ең көп легионерімен қоштасуы мүмкін клуб – елордалық «Астана». Команда сапындағы Карло Бартолец, Бранимир Калайца, Марин Томасов және Йосип Чондричтің келісімшарт мерзімі жыл соңында аяқталады.
Егер тараптар жаңа келісімге келе алмаса, төрт футболшы да клубтан кетуі мүмкін.
Семейлік «Елімайда» да осындай жағдай қалыптасқан. Командадағы хорватиялық легионерлер Хрвое Илич пен Марин Беланчичтің келісімшарттары да биылғы жылдың соңына дейін жарамды.
Қазіргі уақытта олардың семейлік клубпен жаңа келісімшарт жасасқаны туралы ақпарат жоқ.
Осылайша, 2026 жылғы маусым аяқталғаннан кейін алты хорватиялық футболшы еркін агент атануы мүмкін. Дегенмен келісімшарт мерзімінің аяқталуы олардың міндетті түрде клубтан кететінін білдірмейді. Командалар ойыншылармен келісімді ұзартуға құқылы.
Легионерлердің болашағы футболшылар мен клуб басшылығы арасындағы келіссөздерге байланысты шешіледі.