«Астана» – «Қайрат» матчы ҚПЛ-2026 маусымындағы көрермендер рекордын жаңартты

Фото: fca.astana
«Астана» мен «Қайрат» арасындағы кездесу биылғы Қазақстан Премьер-лигасындағы ең көп көрермен жиналған матч болды. «Астана Арена» трибунасынан екі клубтың ойынын 28 235 жанкүйер тамашалады.
Бұған дейінгі рекорд чемпионаттың екінші турында орнаған. Сол кезде «Қайрат» пен «Ақтөбе» арасындағы матчты Алматының Орталық стадионынан 23 800 көрермен тамашалаған. Алматы клубы 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Осылайша елордадағы кездесу бұл көрсеткішті бірден 4435 көрерменге жаңартты.
«Қайрат» ҚПЛ-2026 маусымында жанкүйерлерді стадионға көптеп жинайтын негізгі клуб болып отыр. Алматыдағы команданың тағы үш үй матчына – «Қызылжармен» (3:0), «Ордабасымен» (2:1) және «Астанамен» (4:0) кездесулеріне 22 800-ден көрермен келген.
Жалпы, биылғы чемпионаттағы көрермені ең көп жиналған он матчтың жетеуіне «Қайрат» қатысты.
Алаңдағы жеңіс те елордалық жанкүйерлердің мерекесін толықтырды. «Астана» «Қайратты» аз құрамда жеңді – 1:0.
Матчтағы негізгі оқиғалардың бірі 11-минутта болды. Осы сәтте Адилет Садыбеков алаңнан қуылып, алматылықтар ойыншылар санынан айырылды. Көп ұзамай «Астана» сан басымдығын пайдаланып, Рамазан Каримовтың голы арқылы есеп ашты. Бұл кездесудегі жалғыз гол болды.
Осылайша турдың орталық матчы нәтижесімен және ерте көрсетілген қызыл қағазбен ғана емес, ҚПЛ-2026 үшін жаңа рекордпен де есте қалды – бір ойынға 28 235 көрермен жиналды.