Астанада таэквондодан Kazakhstan Open халықаралық турнирі басталды

Астана қаласында таэквондодан G-1 санатындағы Kazakhstan Open халықаралық рейтингтік турнирінің алғашқы жарыс күні өтіп жатыр.
Дүбірлі додаға әлемнің 30-ға жуық елінен 1000-нан астам спортшы қатысуда. Қазақстан намысын ұлттық құраманың көшбасшылары қорғайды. Олардың қатарында жасөспірімдер арасындағы әлем чемпиондары Батырхан Төлеуғали мен Бейбарыс Қаблан, сондай-ақ әлем чемпионатының қола жүлдегерлері Айдана Құмартаева мен Нодира Ахмедова бар.
Турнирге сондай-ақ Париж Олимпиадасының чемпионы Пак Тэ Джун, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Гашим Магомедов, 2025 жылғы әлем чемпионы Вафа Масгуни және әлем чемпионы әрі Париж Олимпиадасының жеңімпазы Фирас Катусси сынды татами шеберлері қатысып жатыр.
Айта кетейік, бұл жарыста спортшылар 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу кезінде есепке алынатын рейтингтік ұпайларды сарапқа салады.
Бүгін кешке ересектер арасындағы барлық жүлдегерлер анықталады. Ал жасөспірімдер арасындағы шешуші белдесулер 26 маусымда өтеді.