Астанада Тәшкенбай, Бибосынов және Жұмағұлов қатысатын турнир жарияланды

Али Асетов··
ҚБФ

ҚБФ

Астанада 28 тамыз күні ірі бокс кеші өтеді. Кештің басты жекпе-жегінде әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай шаршы алаңға шығады.

Турнир Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) мен NOMAD Fighting промоушенінің бірлескен ұйымдастыруымен Халықаралық бокс күніне орай өткізіледі.

Мерекелік бағдарлама екі күнге жоспарланған. 27 тамызда жанкүйерлер үшін бокс фестивалі өтеді. Онда спортсүйер қауым танымал спортшылармен кездесіп, түрлі интерактивті шараларға қатысып, турнир қатысушыларын жекпе-жек алдындағы дайындық кезеңінде көре алады.

Негізгі жекпе-жек кеші 28 тамызға белгіленген. Көрермендерге он жекпе-жек ұсынылады, ал басты кездесу Санжар Тәшкенбайдың қатысуымен өтеді. Сонымен қатар, шаршы алаңға екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосынов пен AMC Fight Nights Global лигасының бұрынғы чемпионы Жалғас Жұмағұлов та шығады.

Ұйымдастырушылар турнир қатысушыларының тізімі әлі де толықтырылатынын мәлімдеді. Қалған шетелдік және отандық боксшылардың есімдері кейінірек жарияланады.

Айта кетейік, бұл спорттық шоу жыл сайын 27 тамызда атап өтілетін Халықаралық бокс күніне арналған. Бұл күн 1974 жылы Гаванада өткен алғашқы әлем чемпионатының құрметіне Халықаралық бокс қауымдастығы тарапынан бекітілген.