Астаналық батутшылар Азия чемпионатының рекордын жаңартты

Гонконгта батут гимнастикасынан Азия чемпионаты аяқталды. Турнирге Азияның 10 елі мен аймақтарынан келген үздік спортшылар қатысты.
Жарыста Қазақстан, Қытай, Жапония, Гонконг (ҚХР), Үндістан, Иран, Өзбекстан, Тәжікстан, Филиппин және Солтүстік Корея өкілдері өнер көрсетті.
Турнир қорытындысы бойынша Астана қаласының спортшылары тарихи жетістікке қол жеткізді. Елорда құрамасы алғаш рет Азия чемпионатында батуттағы жекелей бағдарламада алтын және күміс медаль жеңіп алды.
17 мен 21 жас санатында Евгения Чернышова Азия чемпионы атанды. Жекелей сында спортшы 46,74 ұпай жинап, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Жеке бапкері — Елдар Жеңісханов.
Астана құрамасының қоржынына тағы бір медальді Варвара Шарапова салды. 15–16 жас санатында ол 48,77 ұпай жинап, күміс жүлдегер атанды. Спортшының бапкері — Ержан Әскерұлы.
Айта кетейік, екі спортшы да Астана қаласы әкімдігінің №1 олимпиадалық резервті даярлауға маманданған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері.