«Астон Вилла» – Еуропа лигасының жеңімпазы!

Фото: Getty Images
«Арыстандар» ұзақ ұйқыдан оянып, «Фрайбургті» тас-талқан етті.
«Фрайбург» (Германия) – «Астон Вилла» (Англия) – 0:3 (0:2)
Гол соққандар: Тилеманс, 41 (0:1); Буэндия, 45+3 (0:2); Роджерс, 58 (0:3)
Бас төреші: Франсуа Летексье (Франция)
20 мамыр. Ыстамбұл. «Тюпраш» стадионы.
Ыстамбұлдағы кездесу көпшілік күткендей финал фавориті саналған «Астон Вилланың» шабуылдарымен басталды. Дегенмен бирмингемдік клуб оқиғаны үдеткен жоқ — олардың қысымы жүйелі болғанымен, аса қарқынды емес еді.
Бірінші таймның ортасына қарай ғана «Фрайбург» ойынды өз қақпасынан алыстата алды және дәл сол кезде Бундеслига өкілі матчтағы шын мәнінде алғашқы қауіпті сәтті ұйымдастырды.
Немістер өздері үшін ең маңызды тапсырманы орындағандай болды — ойын өрісін бәсеңдетіп, «вилландықтар» өрбіткен өткір шабуылдарды барынша тежеді. Себебі олардың «вертикалды футболы» кез келген қарсыласты әбігерге салушы еді. Бірақ немістермен кездесуде мұндай ойын өрнегі белгілі бір уақытқа дейін өз жемісін бермеді. Тіпті ағылшын жанкүйерлерінің шулы трибуналары да тынышталып қалды.

Фото: Getty Images
Алайда ойынның бұлай жалғасуы «Фрайбург» футболшыларын да босаңсытып тастады. Немесе германиялық ұжым матч барысын толық бақылауға алдық деп ерте сеніп қалды ма — әйтеуір Унаи Эмери басқарған кез келген команданың ең мықты қарулы стандартты жағдай екенін мүлде ұмытып кетті.
«Вилла» бұрыштама добын орындау құқына ие болды. Қысқа комбинациядан кейін айып алаңына асырылған допты Юри Тилеманс әуеде орындаған керемет соққымен голға айналдырды — есеп 0:1.
Бірақ «Фрайбургтің» бас ауруына айналған мәселелер мұнымен аяқталған жоқ. Үзіліске санаулы секундтар қалғанда Эмилиано Буэндия алыстан жасаған тамаша соққымен Ноа Атуболу қорғаған қақпаның «тоғыздығын» дәл көздеді — есеп 0:2. Ойын тағдыры осымен шешілді ме?

Фото: Getty Images
Бір қызығы, екінші тайм басталар алдында «Брайсгау бразилдерінің» бас бапкері Юлиан Шустер бірде-бір ойыншы ауысымын жасаған жоқ. Эмери де құрамға өзгеріс енгізбеді, бірақ оның шешімі түсініктірек еді.
«Арыстандар» енді допты толық бақылауда ұстауға ұмтылмады. Керісінше, олар допты қарсылас иелігіне саналы түрде беріп, есептегі артықшылықты сенімді ұстап, шешуші соққы орындайтын сәтті күтіп жүрді.
Жоспар іске асты. Бирмингемдік клубтың сол қапталдағы жылдам шабуылы Морган Роджерстің айып алаңының ішінде орындаған нәтижелі соққысымен аяқталды — есеп 0:3. Осыдан кейін есеп айырмасын немістер қысқартам дегенше, британдықтар оны ұлғайтуға әлдеқайда жақын болды. Дегенмен финалдық ойындағы есеп осыдан кейін өзгерген жоқ.
Осылайша, Эмери Еуропа лигасының ең табысты бапкері мәртебесін өз атына тағы бір мәрте бекітті. Енді баск маманының қоржынында үш түрлі командамен жеңіп алған Еуропа лигасының бес трофейі бар: олар «Севилья», «Вильярреал» және енді «Астон Вилла».

Фото: Getty Images
«Арыстандардың» Ыстамбұлдағы жеңісі Ағылшын халқына тек Еуропа Лигасы-2025/26 жеңімпазын ғана емес, сонымен қатар келесі маусымдағы басты еурокубок бәсекесіне қосымша алтыншы жолдаманы да сыйлады. Ал оның иесі Премьер-лиганың соңғы турында анықталады. Үміткер екеу — «Борнмут» пен «Брайтон».
Ал «Фрайбург» әзірге клуб тарихындағы алғашқы трофейін жеңе алмады. Бірақ алда олар Конференциялар лигасын бағындыруға тырысады. Сәттілік серік болсын.