«Астон Вилла» Серхио Рамоспен келіссөз бастады

«Реал Мадрид» ФК
«Астон Вилла» қазіргі таңда еркін агент мәртебесінде жүрген 40 жастағы испаниялық қорғаушы Серхио Рамоспен келіссөз жүргізіп жатыр.
Suporter Media мәліметінше, тараптар келісімге жақындаған. Футболшы келесі аптада медициналық тексеруден өтуі мүмкін. Испаниялық ойыншының соңғы клубы мексикалық «Монтеррей» болды. Рамос команда сапында барлық турнирде 34 матч өткізіп, сегіз гол соқты.
Бұған дейін орталық қорғаушы «Севилья», мадридтік «Реал» және ПСЖ клубтарында өнер көрсетті. Егер келісім жүзеге асса, Рамос мансабында алғаш рет Англия премьер-лигасында ойнайды. Ол – Чемпиондар лигасының төрт дүркін жеңімпазы, әлем чемпионы және Испания құрамасымен бірге Еуропа чемпионатын екі рет жеңіп алған футболшы.
«Астон Вилла» маусымды сәтсіз бастады. Төрт турдан кейін Унаи Эмери шәкірттері үш жеңіліс пен бір тең нәтижеден кейін бір ұпай жинап, турнир кестесінде 19-орында тұр.