Басты бет
·
MMA/UFC

Асу Алмабаев Дохадағы жеңілістен кейін UFC рейтингінде екі саты төмендеді

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Қазақстандық файтер Асу Алмабаев Дохада өткен UFC турнирінде жапониялық Кедзи Хоригутиден жеңілгеннен кейін аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі рейтингте екі сатыға төмендеді.

UFC ұйымының ресми сайтында жарияланған жаңартылған Meta UFC Rankings рейтингінде Алмабаев сегізінші орынға жайғасты. Бұған дейін қазақстандық спортшы алтыншы сатыда тұрған болатын.

Алмабаевты жеңген Кедзи Хоригути жетінші орыннан алтыншы сатыға көтерілді. Ал Ирак өкілі Амир Альбази жапониялық файтердің соңынан жетінші орынға орналасты.

Еске салайық, 21 қарашада Асу Алмабаев Катар астанасы Дохада өткен UFC Fight Night 294 турнирінде Кедзи Хоригутимен кездесті.

Үш раундқа созылған жекпе-жекте жапониялық спортшы төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Есеп – 30:27, 30:27, 29:28.

Осылайша Алмабаевтың қатарынан үш жеңістен тұратын сериясы үзілді.

Бұған дейін қазақстандық файтер UFC ұйымындағы алғашқы жеңілісін 2025 жылдың наурызында тіркеген еді. Ол кезде Асу Манель Капеге үшінші раундта техникалық нокаутпен есе жіберген.

Қазіргі уақытта 32 жастағы Алмабаевтың кәсіби мансабында 24 жеңіс пен төрт жеңіліс бар. UFC аясында ол тоғыз жекпе-жек өткізіп, оның жетеуінде жеңіске жеткен.

Аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі чемпиондық белбеу Джошуа Ванға тиесілі.

Сонымен қатар Алмабаевтың келесі қарсыласына қатысты ақпарат пайда болды. Өзбекстандық БАҚ мәліметінше, қазақстандық файтер 2027 жылдың 1 мамырына алдын ала жоспарланған Қазақстандағы алғашқы UFC турнирінде Рамазан Темировпен кездесуі мүмкін.

Айта кетейік, екі ел спортшылары 2025 жылдың шілдесінде Әбу-Дабиде жекпе-жек өткізуі тиіс болған. Алайда Темиров допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін турнирден шеттетілді.

Әзірге Қазақстанда UFC турнирінің өтетіні де, Алмабаев пен Темиров арасындағы жекпе-жек те ресми түрде расталған жоқ.

Асу Алмабаев Дохадағы жеңілістен кейін UFC рейтингінде екі саты төмендеді – sport-hub