Асу Алмабаев Қазақстандағы алғашқы UFC турнирінде өзбекстандық файтермен кездесуі мүмкін

Фото: Getty Images
Қазақстандық UFC файтері Асу Алмабаев келесі жекпе-жегін өз елінде өткізуі мүмкін. 32 жастағы спортшының ықтимал қарсыластарының бірі – Өзбекстан өкілі Рамазан Темиров. Екі файтердің кездесуі 2027 жылдың 1 мамырында Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылуы мүмкін UFC турнирінде өтуі ықтимал.
Өзбекстандық Bugun Sport Telegram арнасының мәліметінше, қазіргі уақытта Орталық Азияның екі өкілі арасында жекпе-жек ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Алайда UFC тарапынан әзірге ресми мәлімдеме жасалған жоқ.
Алмабаев пен Темиров бұған дейін де октагонда кездесуі тиіс болған. Олардың жекпе-жегі бастапқыда 2025 жылдың шілдесінде Әбу-Дабиде жоспарланған еді. Алайда өзбекстандық спортшы допингке қарсы ережені бұзғаны үшін турнирден шеттетілді.
2025 жылдың маусымы мен шілдесінде Темировтан алынған сынамалардан тыйым салынған триметазидин заты анықталды. Файтер бұл заттың ағзасына дәрігер тағайындаған препарат арқылы түскенін түсіндірді.
Нәтижесінде ол бір жылға жарыстардан шеттетілді. Дисквалификация мерзімі 2026 жылдың 5 шілдесінде аяқталды.
Октагонға оралғаннан кейін Темиров шілде айында UFC чемпионы атағына бұрын үміткер болған аустралиялық Стив Эрцегті жеңді. Алайда 24 қазанда британдық Лонир Каванаға бірінші раундта мерзімінен бұрын есе жіберді.
Алмабаев та соңғы жекпе-жегінде жеңіліске ұшырады. 21 қарашада Дохада өткен UFC Fight Night 294 турнирінде қазақстандық файтер жапониялық Кэйдзи Хоригутиге төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жол берді.
Бұл жеңіліс оның қатарынан үш жеңістен тұратын сериясын тоқтатты. Кейін Асу UFC рейтингінде алтыншы орыннан сегізінші сатыға төмендеді.
Қазіргі уақытта Алмабаевтың кәсіпқой ММА-дағы көрсеткіші – 24 жеңіс және төрт жеңіліс. UFC аясында өткізген тоғыз жекпе-жегінің жетеуінде жеңіске жеткен.
Ал Рамазан Темировтың еншісінде 20 жеңіс пен төрт жеңіліс бар.
Еске салайық, алдын ала ақпарат бойынша, Қазақстандағы алғашқы UFC турнирі Алматыда өтуі мүмкін. Дегенмен жарыстың нақты күні мен өтетін орны әзірге ресми түрде бекітілген жоқ.