Асу Алмабаев UFC-дегі жекпе-жегіне соңғы дайындықты өткізу үшін Қатарға аттанды

Фото: Chris Unger/Zuffa LLC/gosrezerv.kz
Қазақстандық файтер Асу Алмабаев UFC турнирінде жапониялық Кёдзи Хоригутимен өтетін жекпе-жек алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін Қатардың Доха қаласына жол тартты.
Спортшының сапарға аттанған сәтін DAR Team командасы әлеуметтік желіде жариялады. Алмабаев 21 қарашаға жоспарланған турнир өтетін елде дайындықты жалғастырады.
Бұған дейін DAR Team бас бапкері Эдуард Базров қазақстандық файтердің дайындығы үш кезеңге бөлінгенін айтқан еді. Алғашқы оқу-жаттығу жиыны Солтүстік Осетияда, екіншісі Алматы маңындағы таулы жаттығу базасында өтті. Соңғы кезең 23 күнге созылады. Бұл уақытта спортшы жергілікті жағдайға бейімделіп, жаттығу жүктемелерін орындап, жекпе-жек алдындағы салмақ қуу процесінен өтеді.
Алмабаевтың қарсыласы – Rizin және Bellator ұйымдарының бұрынғы чемпионы Кёдзи Хоригути. UFC ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, жапониялық файтер аса жеңіл салмақ дәрежесінде бесінші орында тұрса, Қазақстан өкілі жетінші сатыда орналасқан.
Асу Алмабаев соңғы жекпе-жегін 27 маусымда Бакуде өткен UFC турнирінде өткізіп, америкалық Чарльз Джонсонды үшінші раундта ауырту әдісімен мерзімінен бұрын жеңген. Қазақстандық спортшының кәсіби рекорды – 24 жеңіс және 3 жеңіліс.
Айта кетейік, турнирдің басты жекпе-жегінде жартылай ауыр салмақта чехиялық Иржи Прохазка мен жаңа зеландиялық Навахо Стирлинг кездеседі.