Аустралия – Қазақстан: гандболдан Азия чемпионаты матчының тікелей трансляциясы

Фото: IHF
Қазақстанның гандболдан әйелдер құрамасы 23 қарашада Алматыда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия чемпионатының топтық кезеңіндегі алғашқы матчында Аустралиямен кездеседі.
Ойын «Алматы» олимпиадалық даярлау орталығында өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен сағат 17:00-де басталады.
Матчтың тікелей трансляциясын Qazsport телеарнасы көрсетеді. Ойынның негізгі оқиғаларын Sport-hub.kz Telegram арнасынан да бақылауға болады.
Қазақстан құрамасы үшін бұл өз алаңында өтіп жатқан Азия чемпионатындағы алғашқы кездесу болмақ. Марина Пикалова жаттықтыратын команда В тобында Аустралия, Оңтүстік Корея, Үндістан және Өзбекстан құрамаларымен бірге өнер көрсетеді.
Бұған дейін осы топтың алғашқы матчында Оңтүстік Корея Өзбекстанды 43:11 есебімен ойсырата жеңді.
Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 24 қарашада Үндістанға қарсы өткізеді. Ойын сағат 15:00-де басталады. Ал 25 қарашада отандастарымыз сағат 17:00-де Өзбекстанмен кездеседі.
Еске салайық, әйелдер арасындағы гандболдан Азия чемпионаты Алматыда 23 қараша мен 3 желтоқсан аралығында өтеді.
Турнирге екі топқа бөлінген он ұлттық құрама қатысып жатыр. Командалар медальдармен қатар 2027 жылы Мажарстанда өтетін әлем чемпионатының төрт жолдамасын сарапқа салады.
Әлем чемпионатына қатысу үшін Азия біріншілігін үздік төрттікте аяқтау қажет.