«Авангард» – «Барыс»: ҚХЛ матчының тікелей трансляциясы

«Барыс» ХК
20 қараша күні астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионатында сырт алаңда омбылық «Авангардпен» кездеседі.
Матч Омбы қаласындағы «Джи-Драйв-Аренада» өтеді. Ойын Қазақстан уақытымен сағат 18:30-да басталады. Кездесуді Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Ойын алдында «Барыс» 27 матчта 29 ұпай жинап, Шығыс конференциясында сегізінші орында тұр. Ал «Авангард» 26 кездесуден кейін 32 ұпаймен төртінші сатыға жайғасқан.
Михаил Кравец шәкірттері соңғы матчында «Салават Юлаевтан» 3:5 есебімен жеңілді. Бұған дейін астаналықтар «Адмиралды» (4:2) және магнитогорскілік «Металлургті» (5:4) ұтқан еді.
Ал «Авангард» қатарынан үш кездесуде жеңіске жетті. Омбылықтар соңғы ойынында «Адмиралды» 3:1 есебімен тізе бүктірді.
Биылғы маусымда қос команда 10 қазанда Астанада кездесіп, «Барыс» 5:1 есебімен басым түскен. Қазақстандық клуб соңғы бес өзара матчтың үшеуінде жеңіске жеткен.
«Барыстың» үздік бомбардирі – 27 ойында 28 ұпай (17 гол, 11 нәтижелі пас) жинаған Джастин Бэйли. Ал «Авангард» сапында Джошуа Ливо 21 ұпаймен (9+12) көш бастап тұр.
ҚХЛ тарихында командалар 80 рет кездескен. Оның 52-сінде «Авангард», 28-інде «Барыс» жеңіске жеткен.
Айта кетейік, астаналық клуб келесі матчын 22 қарашада өз алаңында Минскінің «Динамосына» қарсы өткізеді.