Басты бет
·
АО-2026

Азиада-2026: Махмұд Сабырхан мен Нұрбек Оралбай ширек финалға шықты

Aibar Rysdaulet··
ҚР ҰОК

ҚР ҰОК

Қазақстандық боксшылар Махмұд Сабырхан мен Нұрбек Оралбай Аичи және Нагояда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарындағы алғашқы жекпе-жектерін сәтті өткізіп, ширек финалға жолдама алды.

55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Махмұд Сабырхан 1/8 финалда Иран өкілі Мехди Каземимен кездесті. Қазақстандық боксшы алғашқы секундтардан бастап бастаманы өз қолына алып, екінші және үшінші раундтарда қарсыласын екі рет нокдаунға түсірді. Нәтижесінде Сабырхан жеңіске жетіп, жүлде үшін күресін жалғастырды.

Махмұд Сабырхан үшін бұл – мансабындағы екінші Азия ойындары. 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азиадада ол 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, 1/8 финалда жарысты аяқтаған. 2025 жылы қазақстандық боксшы 55 келіге дейінгі салмақта World Boxing нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанса, 2026 жылы Ұланбатырда өткен Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды.

Нұрбек Оралбай 90 келіге дейінгі салмақта алғашқы жекпе-жегін өткізді. 1/8 финалда қазақстандық боксшы Ауғанстан өкілі Силаб Нуримен кездесіп, үш раундтың қорытындысы бойынша 5:0 есебімен жеңіске жетті.

Оралбай – 2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері. Биылғы маусымда ол 85 келіге дейінгі салмаққа ауысып, Ұланбатырда өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанды. Ал Азиада-2026 жарысында спортшы 90 келіге дейінгі салмақта бақ сынап жатыр.

Осылайша, Сабырхан мен Оралбай Азия ойындарындағы жүлде үшін күресті жалғастырады. Қазақстан ерлер құрамасының сапында Төрехан Сабырхан, Айбек Оралбай және ұлттық құраманың өзге де боксшылары өнер көрсетуде.