Басты бет
·
Хоккей

«Бәріңіз мықты сарапшы екенсіздер»: Кравец «Барыстың» жеңілісінен кейін ашуға булықты

Аружан Талғат··
«Барыс» ХК

«Барыс» ХК

Астаналық «Барыстың» бас бапкері Михаил Кравец Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) минскілік «Динамодан» (1:2) өз алаңында жеңілгеннен кейін журналистердің сұрақтарына ашулы жауап берді. Маманға команда құрамына қатысты сын мен жанкүйерлер алдындағы жауапкершілік туралы сауалдар ұнамады.

Кездесуден кейін Кравец екі команданың тең дәрежеде ойнағанын, алайда қарсыластың өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланғанын атап өтті.

«Жалпы ойын тең өтті. Қарсылас біздің қателіктерімізді пайдаланды, ал біз олардың қателіктерін пайдалана алмадық. Гол соғатын мүмкіндіктер жеткілікті болды, бірақ оларды жүзеге асыруда тағы да қиындық туындады. Өз мүмкіндіктеріңді пайдаланбай, шайбадан осылай айырылып жатсаң, жеңіске үміт арту қиын», – деді Кравец.

Баспасөз мәслихатындағы ең қызу сәт матчтың соңғы минуттарына қатысты сұрақтан кейін басталды. Журналистер қақпашыны алтыншы алаң ойыншысына ауыстырған соң «Барыстың» неге бір құраммен ойнауды жалғастырғанын және бапкерлердің неліктен өзгеріс жасамағанын сұрады.

«Сіздер кімдерді мұз айдынына шығару керегін бапкерлерден жақсы білетіндей сөйлейсіздер. Біз бұл хоккейшілермен күн сайын жұмыс істейміз және кімге сенім артуға болатынын білеміз. Тек өзгеріс жасау үшін басқа ойыншыларды шығарудың мәні жоқ. Шешуші сәтте біз сенетін хоккейшілер ойнауы керек. Сондықтан олар соңғы секундқа дейін мұз айдынында қалды», – деп жауап берді маман.

Бұдан кейін журналистер трибунаны толтырған жанкүйерлердің қолдауы жеңіске лайық емес пе деген сұрақ қойды. Бұл сауал Кравецтің ашуын одан әрі күшейтті.

«Сіздер не сұрап тұрғандарыңызды түсінесіздер ме? Әрине, біз жанкүйерлер үшін ойнаймыз және олар жеңіске лайық. Бірақ нәтиже шеберлікке, дұрыс шешім қабылдауға және хоккейлік ойлау қабілетіне байланысты. Құрамды командамен күн сайын жұмыс істейтін бапкерлер анықтайды. Сырттан біреуге солай дұрыс көрінгені үшін ойыншыларды мұз айдынына шығара алмаймыз», – деді бас бапкер.

Минскілік командаға қарсы матч алдында «Барыстың» бапкерлер штабы құрамға өзгеріс енгізіп, Логвин бастаған үштікті қайта біріктірген болатын. Алайда қарсыластың жеңіс голы соғылған сәтте дәл осы үштік мұз айдынында болды.

Кравец мұндай шешімді алдыңғы матчтарда команданың қауіпті сәттер жасауда қиналғанымен түсіндірді. Ал аталған үштіктің алдағы кездесулерде бірге ойнайтыны матчты толық талдағаннан кейін белгілі болады.

Бапкер команданың сан жағынан кем құрамда ойнауына да тоқталды. Оның айтуынша, мұндай жағдайда жеті шайба жіберіп алу – алаңдатарлық көрсеткіш.

«Бүгін ең болмаса сан жағынан кем болғанда шайба жібермедік. Мұның өзі жақсы көрсеткіш. Бірақ осындай жағдайда жеті шайба өткізу – тым көп. Жауапкершілік жоғары болуы керек. Мұндай қателіктер үшін тек бапкерлер ғана емес, ойыншылардың өздері де ұялады деп үміттенемін. Мұны тек тапсырмаларды дұрыс орындау арқылы түзетуге болады. Ал сан басымдығы кезінде мұз айдынындағы бес ойыншы біртұтас команда ретінде әрекет етуге міндетті», – деді Кравец.

Еске салайық, 22 қарашада «Барыс Аренада» өткен кездесуді 11 437 көрермен тамашалады.

Голсыз аяқталған бірінші кезеңнен кейін 30-минутта Джастин Бэйли алаң иелерін алға шығарды. Алайда минскілік «Динамо» шабуылшысы Сэм Энас дубль жасап, алдымен есепті теңестірді, кейін үшінші кезеңде жеңіс шайбасын соқты.

Бұл астаналық команданың қатарынан үшінші жеңілісі болды. «Барыс» 29 матчтан кейін 29 ұпай жинап, ҚХЛ Шығыс конференциясында сегізінші орында тұр.

Михаил Кравец шәкірттері келесі кездесуін 25 қарашада Астанада Череповецтің «Северсталь» командасына қарсы өткізеді.

«Бәріңіз мықты сарапшы екенсіздер»: Кравец «Барыстың» жеңілісінен кейін ашуға булықты – sport-hub