«Барселона» аңызы бапкерлік мансабын БАӘ-де бастайды

Фото: UEFA
«Барселона» мен Испания құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы Андрес Иньеста Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Галф Юнайтед» клубында бас бапкерлік мансабын бастауға жақын.
Инсайдер Фабрицио Романоның мәліметінше, тараптар әріптестік бойынша негізгі шарттарын келісіп қойған және келісімді рәсімдеудің соңғы кезеңінде тұр. Ресми жариялау үшін қажетті құжаттарға қол қойылып, соңғы іс-қағаздар реттелуі керек. Бұл Иньеста үшін футболшыл мансабын аяқтағаннан кейінгі алғашқы бас бапкерлік тәжірибе болмақ.
«Галф Юнайтед» БАӘ-дегі қарқынды дамып келе жатқан футбол жобаларының бірі саналады. Клуб 2019 жылы құрылған және бірнеше жылдың ішінде үшінші дивизионнан елдің бәсеке жағынан екінші саналатын бірінші дивизионына дейін көтерілді. Команда басшылығы инфрақұрылым мен академияны белсенді дамытып, Adidas пен Volkswagen секілді халықаралық брендтермен серіктестік орнатқан. Соңғы жылдары клуб «Ньюкасл», «Аль-Иттихад», «Аль-Айн» командаларына, сондай-ақ Аустралия мен БАӘ құрамаларына қарсы жолдастық матчтар өткізді.
Иньеста «Барселонадан» 2018 жылы кеткеннен кейін мансабын жапониялық «Виссел Кобеде» жалғастырып, онда бес жыл өнер көрсетті. Кейін испаниялық футболшы БАӘ-нің «Эмирейтс» клубында ойнады. Аңызға айналған жартылай қорғаушы кәсіби мансабын аяқтағанын 2024 жылдың 8 қазанында ресми түрде жариялады.